Министр әлеуметтік төлемді заңсыз алғандар қаражатты қашан қайтаруы керекітігін де атап өтті.
ERNUR.KZ. Жұмыс берушісі жалақысының 50 пайызын ғана төлеп отырған қызметкерлер 42 500 теңгеге өтінім бере алмайды. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингіде ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов айтты, деп жазады ҚазАқпарат.
Брифинг барысында БАҚ өкілдері министрден «жұмыс берушісі жалақысының 50 пайызын ғана төлеп отырған қызметкерлер 42 500 теңгеге өтінім бере ала ма?» деп сұраған еді.
«Бұл 42 500 теңге әлеуметтік төлем жалақысынан айырылғандарға ғана беріледі. Сондықтан жалақы мөлшері төмендеген жағдайда әлеуметтік төлем берілмейді. Яғни, бірде-бір тиын төленбейтін ақысыз демалысқа жіберілген жағдайда ғана 42 500 теңге алуға құқығыңыз болады және өтініш бере аласыздар», - деп жауап берді министр.
Сонымен қатар, ол әлеуметтік төлемді заңсыз алғандар қаражатты қашан қайтаруы керекітігін де атап өтті.
«Қай уақытта қайтарғыңыз келсе, сол уақытта қайтара аласыздар. Оның мерзімі де, қайтару тәртібі де жоқ. Егер сіз қателескеніңізді көріп тұрып қайтарамын десеңіз, оны жағдайыңыз келген кезде қайтарыңыз. Қайтармаймын десеңіз қайтармайсыз», - деді Біржан Нұрымбетов.