Жалаңаш адам коронавирус алдында қауқарсыз

0
1 007

Моншашылардың қазандығы емес, ашу-ызасы бұрқ-сарқ қайнауда.


Жалаңаш адам коронавирус алдында қауқарсыз

ERNUR.KZ. Елімізде моншалар мен сауналар толыққанды жұмыс істей алмай отыр. Бірқатар өңірде олардың ашылуына ары қарай тыйым салынған. Банктер мен өзге де несиегерлер алдында борышқа батқан осы бизнес өкілдері билік органдарына шағымдануда, деп жазады inbusiness.kz.

Әбумәлік Асабаев осы салада нәпақа тауып жүрген белгілі кәсіпкер. Ол Қазақстанда моншалар 1 сәуірден бастап жабылғанын айтады. Елорда мен Алматыда одан ертерек, наурыздың соңында «есіктеріне құлып ілді». Дегенмен, қос ірі мегаполис енді сыпыртқымен ұрып, бумен қыздырыну орындарының клиентті қайта қабылдауына рұқсат етуде.

«Ашылар мезетті күтумен күндер өтуде. Мамырды, одан кейін маусымның басталуын, содан соң 15 маусымды күттік. Бүгінде біздің Жамбыл облысында карантин жағдайы одан әрі күшейтіліп жатыр. Адамға бірінші кезекте керек делінген қоғамдық орындардың бәрі жұмыс жасап тұр. Монша да сондай ең қажетті қоғамдық нысан болып табылады. Әсіресе, қазіргі жағдайда адамдарға санитарлық гигиенаны сақтап, таза жүру міндет. Өңірлерде тазалықты ұстану оңай емес. Пәтерлерде ыстық су жоқ. Жеке үйлердің бірінде даладағы душы болса, екіншісінде ол жоқ. Сонда адамдар қайда жуынып, қалай таза жүрмек? Күн сайын Талас өзеніне барып шомылады ма? Барлығы өзенге барып, сабынмен жуынса не болады?» – дейді кәсіпкер.

Адамдар оған күнде телефон соғып, қашан ашылатынын күтіп жүргенін айтады екен.

«Бұл жерде моншада қызмет жасайтын адамдардың тіршілік жағдайын да ойлау керек. Барлығы табыс көзінен айырылды. 42 500 теңге көмекті 2 ай бойы алғандары бар. Бірақ оны төлеу тоқтатылды. Ары қарай бала-шағасын асыраудың қамын ойлауы керек. Менің де мойнымда кредитім бар. Монша ашылмаса, оны қалай төлейтінімді білмеймін», – дейді кәсіпкер.

Ол ыстық суы үйлерге тұрақты келіп тұратын қос ірі мегаполис моншалар қызметіне рұқсат еткенін алға тартады.

«Егер адамдар аядай жабық жерде топтаспасын десе, ол мәселені шешуге болады ғой. Мәселен, бізде жеке кабинкалар бар. Клиенттер алдын ала жазылып, белгілі уақыт бойы сонда оқшауланып, шомыла алады. Ерлер мен әйелдерге арналған жалпы бөлімде 9–10 адамнан ғана кіретіндей ете аламыз. Кез келген талапты орындаймыз. Мысалы, жеке кабинкаға бір сағатта 1 отбасы кіріп шомыла алады. Олар шыққасын кабинка іші хлормен тазаланады. Тағы басқа қоспалармен жуылсын десе, оны да орындауға дайынбыз! Ерлер мен әйелдерге арналған жалпы бөлім ашылмасын деп талап етсе, онда тек жеке кабинкаларды іске қосып, бизнесті жалғастыруға болады. Билік монша қызметкерлеріне бала-шағасын асырап, табыс табуға рұқсат берсінші. Олар адамдарға қызмет етуге даяр», – дейді Әбумәлік Асабаев.

Қазіргі кезде коронавирустық инфекцияның таралуы бойынша ең ауыр жағдай Алматы, Нұр-Сұлтан қалаларында және Қарағанды облысында қалыптасып отыр. Ал Жамбыл облысында COVID-19 жұқтырған 509 адам анықталды, оның біреуі дүние салды. Алайда облыста эпидемилогиялық жағдай өршіп кетпеуі үшін өңір басшылығы «жеті рет өлшеп, бір рет кес» деп, сақтық шараларын ұстануда. Сондықтан әзірге моншалар ашылмайды.

«Моншалардың қызмет көрсетуін өңірдегі эпидемиологиялық ахуалға байланысты тек облыстық штаб қана шешеді», – деп қысқа жауап қайырды осы сауалға Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев.

Медицина ғалымдары моншалардың коронавируспен күресте пайдасы жоқтығын, керісінше, зияны болуы ықтимал екенін хабарлайды. Өйткені көшеде не кеңседе киініп жүрген адамға қарағанда моншадағы тыр жалаңаш адам індет алдында қауқарсыз болады. Сондай-ақ жоғары температура мен бу терi бездерiнiң ұсақ көздерiн ашып жібереді де, олар табиғи қорғанышынан айырылады.

«Моншадағы жоғары ылғалдылық жағдайында COVID-19 індетін қоздыратын вирус ауада ұзақ уақыт бойы сақталады. Тиісінше, келесі кірген адам осындай бумен тыныстағанда инфекция жұқтыруы мүмкін. 100 градус Цельсийге дейін қыздырылатын дәстүрлі орыс моншасы да КВИ-ді құрта алмайды. Мысалы, бұл індетке дейін де адамдар кейде моншаға барып, зең ауруын, басқа да бактериалдық инфекцияларды жұқтырып қайтатын. Демек, моншалардың ашылуына тыйым салынуы бекер емес», – дейді атақты иммунолог-аллерголог дәрігер Владимир Володин.

Ресей ақпарат құралдары «орыс моншасына түскендер коронавирустан айығады» деген пікірді белсенді таратты. Дәрігер оны жоққа шығарады.

«Ауа температурасының күрт ауысуы иммунитетке теріс ықпал етуі мүмкін. Иммунитет үшін барлық экстремалды жағдайлар – ешқандай пайдалы емес. Індет өршіп тұрған кезде иммунитетті босқа сынаққа сала беруге болмайды», – деп түйді Владимир Володин.

Жалпы, кәсіпкерлердің айтуынша, монша – сонша табысты бизнес саналмайды. Тау-тау ғып үйіп, тонна-тонна көмір сақтайтын орын бола бермейтіндіктен, моншалар негізінен мазутты тұтынады екен. Ол қымбат. Егер газ құбыры тартылса және оған қосылуға мүмкіндігі болса, онда бұл бизнеске біршама жеңілдік. Оның үстіне жергілікті әкімдіктер моншаны индустриялық жоба санамайды да, оған инженерлік-коммуникациялық желілерді жеке тартып бермейді. Салдарынан бұл бизнес нысанына тұрғын үйлердің су және кәріз жүйесіне, электр қуаты стансасына қосылуына тура келеді. Кейбір өңірлерде, тіпті елорданың өзінде монша-сауналардың көпқабатты үйдің жертөлесінде ашылған жағдайы кездеседі. Нәтижесінде, жергілікті тұрғындармен арада қақтығыс туындайды. Қабырғалардың ылғалдан көктеп кететіні – ол бар. Қысқасы, бизнес емес, тұнған бір «бас ауру».