Жамбыл облысында ауыз суға бөлінген қаржыны жымқырған шенеуніктер сотталды

0
475

Заңсыз игерілген ақша толығымен мемлекетке қайтарылды.


Жамбыл облысында ауыз суға бөлінген қаржыны жымқырған шенеуніктер сотталды

ERNUR.KZ. Жамбыл облысында ауыз судың сапасын жақсартуға бөлінген қаржыны жымқырған бірқатар шенеунік сотталды, деп жазады sputnik.kz.

Қордай ауданы әкімдігінің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің экс-басшысы 6,5 миллион теңге ұрлаған.
"Сарыбастау ауылында тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің бұрынғы басшысы "М" есімді азамат, "Қордай су" мемлекеттік коммуналдық кәсіпорын директоры "К" есімді азамат және кәсіпкер "Е" есімді азамат құны 12,3 миллион теңгені құрайтын су мұнарасын салуы тиіс болған. Алайда су мұнарасының шын мәнінде салынбағаны анықталды", - деп атап өтті ведомство.
Тергеу барысында тараптар 6,5 миллион теңгені иемденіп, өзара бөлісіп алған. Салдарынан ауыл тұрғындары өздігінен ағып жатқан суды ішуге мәжбүр болған.
Аталған дерек Қылмыстық кодекстің 189-бабы 3-бөлігі 1,2-тармақтары "Сенiп тапсырылған бөтен мүлiктi иемденiп алу немесе талан-таражға салу" бойынша тергеліп, сотқа жолданды.
"Қордай аудандық сотының 18.07.2023 жылғы үкімімен "М" есімді азамат Қылмыстық кодекстің 189-бабы 3-бөлігі 1,2-тармақтары бойынша кінәлі деп танылып, 8 жылға бас бостандығынан айырылды. "Е" есімді кәсіпкер Қылмыстық кодекстің 28-бабы 5-бөлігі - 189-бабы 3-бөлігі 1,2-тармақтары бойынша кінәлі деп танылды және оған 3 жыл 6 айға бас бостандығынан айыру түріндегі жаза тағайындалды", - дейді прокуратура.
Заңсыз игерілген ақша толығымен мемлекетке қайтарылды. Ал үкім әлі заңды күшіне енген жоқ.