Әлеуметтік желілерде тараған бейнежазбада бірнеше адамның қызды күштеп көлікке отырғызып жатқаны анық көрінеді.
Фото: Видеодан алынған кадр
ERNUR.KZ. Жамбыл облысында бірнеше жігіттен құралған белгісіз топ қызды көпшіліктің көзінше көлікке күшпен отырғызып, алып қашқан. Белгілі болғандай, біраз уақыттан кейін қыз босатылған және зардап шекпеген. Алайда полиция бұл жағдай бойынша «Адам ұрлау» бабы бойынша қылмыстық іс қозғады, деп жазады inform.kz.
Әлеуметтік желілерде тараған бейнежазбада бірнеше адамның қызды күштеп көлікке отырғызып жатқаны анық көрінеді. Алдын ала мәлімет бойынша, оқиға тұрмыс құру мақсатындағы «алып қашу» операциясымен байланысты болуы мүмкін. Полиция департаменті аталған дерек әлеуметтік желілерді мониторингтеу кезінде анықталғанын мәлімдеді.
— Аталған факті бойынша тексеру жүргізіліп, нәтижесінде оқиғаға қатысы бар барлық тұлғалар анықталып, тергеуге алынды. ҚР Қылмыстық кодексінің 125-бабы — «Адам ұрлау» бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Тараптардың бұрыннан таныс болғаны және өзара шағымдары жоқ екені анықталды, — делінген ведомство мәліметінде.
Еске салайық, аталған бап бойынша қолданылатын жаза биыл күшейтілді. Енді адам ұрлағандар жеті жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
Оқиға әлеуметтік желілерде қызу талқыланып жатыр. Пікір жазушылар қатысушыларды «жабайылар» деп атап, нәзік жандылардың бірнеше ер адамға қарсы тұра алмайтынын айтып, ашу білдірген. Кейбірі мәселенің түп-тамыры тәрбиеде және қоғамда қалыптасқан моральдық ұстанымдарда деп есептейді. Көптеген қолданушы бейнежазбадағы көрініске байланысты эмоцияларын жасырмай, қатың пікір білдірген.
Белгілі болғандай, куәгерлердің реакциясына қарамастан, қыз жақын маңдағы бір қиылыста босатылып, көліктен өз еркімен шыққан.
Полицияның мәліметінше, қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеу амалдары жалғасып жатыр.
Айта кетейік, енді қыз алып қашқандар қылмыстық жауапкершілікке тартылады.


