Қару-жарақ Шу ауданындағы қараусыз қалған ғимараттың ішінен табылды.
ERNUR.KZ. Жедел-іздестіру іс-шараларын Жамбыл облысы полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері жүргізді, деп жазады inbusiness.kz.
Нәтижесінде 9 бірлік қару мен оқ-дәрілер, атап айтқанда 4 бірлік 16 калибрлі ИЖ-ЗК бір оқпанды аңшы мылтығы, 16 калибрлі ИЖ-17 бір оқпанды шолақ мылтық, 9 мм калибрлі Байкал 79-9ТМ травматикалық тапаншаның 2 бірлігі, тапанша, 5,45 мм калибрлі патрондардың 270 бірлігі, сондай-ақ қаңтар оқиғасы кезінде полиция департаментінің қоймасынан ұрланған 9 мм калибрлі ПМ тапаншасы табылып, тәркіленді.
ПД есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы Әлім Бажықбаев қаруға сот-баллистикалық сараптамасы тағайындалғанын атап өтті.
Қазіргі уақытта осы дерекке қатысты ҚР ҚК-нің 287-бабының 3-бөлігі (Қаруды, оқ-дәрілерді, жарылғыш заттарды және жарылғыш құрылғыларды заңсыз сатып алу, беру, өткізу, сақтау, тасымалдау немесе алып жүру) бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды.