Ағымдағы жылы Жамбыл облысында қант қызылшасы алқабының көлемі артты.
ERNUR.KZ.Ағымдағы жылы Жамбыл облысында қант қызылшасы алқабының көлемі артты. Бұл туралы Baq.kz ақпарат агенттігі Жамбыл облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.
Мамандардың айтуынша, Жамбыл облысында қант қызылшасы алқабының артуы мемлекет тарапынан көрсетіліп отырған қолдауға байланысты. Мәселен, былтыр 9500 гектар жерге балтамыр еккен дала еңбеккерлері биыл оның көлемін тағы да 1000 гектарға арттырып отыр.
«Қант қызылшасы алқабының ұлғаюы биыл оны сатып алу бағасының бір теңгеге артуы мен мемлекеттен әр келіге берілетін 10 теңге субсидияның 12 теңгеге көтерілуіне байланысты. Өткен жылы 2000 гектар жерге қант қызылшасын егіп, одан мол өнім алған Меркілік шаруалар осы үрдісті биыл да жалғастырмақшы. Мәселен: былтыр 200 гектар жерге балтамыр отырғызып, одан 800 центнерге дейін өнім алған «Сыпатай Батыр» серіктестігі биыл қызылша алқабын 300 гектарға арттырды», - делінген ведомсвтоның хабарламасында.
Бүгінде аталған шаруашылықта жаңбырлатып суару әдісі қолданылады. Сонымен қатар, қызылшаның салмағы бүгінгі күні 400-500 грамға дейін жетіп қалды. Бұл уақтылы суғарып, минералды тыңайтқыштарды тиімді қолданудың арқасы дейді агро сала мамандары. Жалпы, Меркі ауданы бойынша биыл 20 дан астам шаруашылық қант қызылшасымен нақты айналысып отыр.
«Тағы бір айта кететін маңызды мәселе, биыл облыста алғаш рет космомониторинг жобасы жүзесе асып отыр. Бұл ғарыштық түсірілім арқылы егістік көлемі мен сапасын бақылап отыруға мүмкіндік береді. Оның ішінде қант қызылшасы алқабының да тапсырылған көлемі анықталмақшы», - дейді мамандар.