Жәбірленушіге келтірілген шығын көлемі 36 миллион 680 мың теңгені құрады.
ERNUR.KZ. Жамбыл облысында шопан 61 жылқы мен 169 қой сатты деген күдікке ілінді, деп жазады Azattyq Rýhy.
15 наурыз күні Байзақ ауданының полиция бөліміне Тараз қаласының тұрғыны фазендадан ірі қара және ұсақ малының жоғалғаны туралы арызданған. Оның малын 2020 жылдың қараша айынан бастап жалдамалы шопан Байзақ ауданындағы жайылымда бағып жүрген.
«12 наурызда мал иесі фазендаға келіп, 61 жылқы мен 169 қойдың жоқ екенін көреді. Жәбірленушіге келтірілген залал 36 миллион 680 мың теңгені құраған», - делінген облыстық ПД хабарламасында.
Аталған дерекке қатысты Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 189-бабы 4-бөлігі (аса ірі мөлшерде сеніп тапсырылған бөтен мүлікті иемдену немесе ысырап ету) бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. Бұл бап бойынша мүлкi тәркiленiп, жеті жылдан он екі жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазасы қарастырылған.
Полиция қызметкерлері 40 жастағы шопанды ұстады, ол өз кінәсін толық мойындады және уақытша ұстау изоляторына қамаққа алынды. Қажетті сараптамалар тағайындалды.