2020 жылғы 23 сәуірдегі жағдай бойынша облыс аумағында жалпы 88 коронавирус індетін жұқтыру оқиғасы тіркелген.
ERNUR.KZ. Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев төтенше жағдай жөніндегі жедел штабтың кезекті отырысын өткізді, деп жазады ҚазАқпарат.
Отырыста аймақтағы эпидемиологиялық жағдай, карантиндік режимді сақтау және карантиннен кейінгі кезеңде бірқатар өнеркәсіптік кәсіпорындар мен шағын бизнес нысандарының жұмысын қайта бастауға байланысты мәселелер талқыланды.
Тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің басшысы Берік Жарқынбековтің хабарлауынша, 2020 жылғы 23 сәуірдегі жағдай бойынша облыс аумағында жалпы 88 коронавирус індетін жұқтыру оқиғасы тіркелген.
Б. Жарқынбековтен облыс әкімі халық арасында алдын алу және түсіндіру жұмыстарын күшейтуді талап етті. Адамдарға олар өзін-өзі оқшаулау арқылы тек өздерін ғана емес, жақындары мен айналасындағыларын да қорғай алатындықтарын түсіндіру керек. Бұл орайда салалық ведомствоның қызметкерлері бұқаралық ақпарат құралдарында белсенділік танытпай отырғандығы айтылды.
Өңірдегі бұл бағыттағы медқызметкерлерге еңбекақыдан бөлек қосымша төлемдер төленуде. Атап айтсақ, наурыз айында 270 дәрігер, оның ішінде 40 дәрігер мен 129 орта медициналық қызметкерге 40,1 млн теңгеге үстемеақы төленген. Наурыз айының қорытындысы бойынша 8 медициналық ұйым қаржы үнемдеу есебінен 1319 қызметкерге жалпы сомасы 88,9 млн теңгеге сыйақы берген. Медициналық қызметкерлердің тұрғын үй-тұрмыстық мәселелері де оң шешімін табуда. Осы тұрғыда 232 медициналық қызметкер қонақ үйге орналастырылып, оларды жұмыс орнына тасымалдау үшін көлік ұйымдастырылған.
Облыста COVID-2019 бойынша медицина, полиция және КВИ-ге қарсы іс-шараларға қатысатын әскери қызметкерлер тестілеуден өтіп, олар жеке қорғану құралдарымен қамтамасыз етіледі. Сондай-ақ, жиында карантин жағдайында адамдар азық-түлік пен тағамдарды үйге жеткізу қызметіне көбірек жүгіне бастағандығы айтылды. Соңғы уақытта Тараз қаласында жеткізіп беру қарқыны 8 мыңнан 11,5 мыңға дейін өскен.
Сонымен қатар, басқосу барысында өңірдегі эпидемиялық жағдай жақсарған жағдайда бірқатар өнеркәсіптік кәсіпорындар мен ШОБ объектілерінің жұмысын кезең-кезеңмен қалпына келтіру мәселелері қаралды. Ол бойынша Тараз қаласы мен аудан әкімдерінің алдына нақты міндеттер қойылды. Ең алдымен, жергілікті атқарушы органдар осы кәсіпорындар мен ұйымдардың тізімін анықтап, олардың әрқайсысымен меморандум жасасуы керек. Меморандумға сәйкес ол нысандар барлық алдын алу және эпидемиологиялық талаптарды қатаң сақтауға міндеттелмек.