Жамбылда әйел ажырасқан соң артынан барған қыз жасауын сот арқылы қайтарып алды

0
1 056

2021 жылдың маусым айында талап қоюшы жауапкермен мұсылмандық некеге тұрған.


Жамбылда әйел ажырасқан соң артынан барған қыз жасауын сот арқылы қайтарып алды

ERNUR.KZ. Тұрар Рысқұлов ауданының тұрғыны сотқа қыз жасауындағы мүлкін қайтарып алу талабымен жүгінген, деп жазады ҚазАқпарат.

2021 жылдың маусым айында талап қоюшы жауапкермен мұсылмандық некеге тұрған.

Тойдан кейін қалыңықтың туыстары дәстүр бойынша қыз жасауын сыйлаған.

Алайда отбасында орын алған түсініспеушіліктің салдарынан ерлі-зайыптылар ажырасқан.

Күйеу жігіттің туыстарының қыз жасауын қайтарудан бас тартуынан кейін қалыңдық аталған мүлікті қайтарып алу үшін сотқа жүгінген.

«Істі қарау барысында сот медиациясын жүргізу жолымен тараптар дауды бітімгерлікпен шешу туралы келісім жасады. Оның шартына сәйкес, жауапкерлер 14 сәуірге дейін талап қоюшыға тізімге сәйкес қыз жасауын өз еркімен қайтаруға міндеттенді. Ал талап қоюшы белгіленген мерзімде мүлікті тиеп, әкетуге тиіс» деп хабарлады Рысқұлов аудандық сотының баспасөз қызметі.

Сот екі тарапқа медиативтік келісімді бекіту мен істі тоқтату салдарын түсіндірді.

Медиатив келісімді бекіту туралы сот ұйғарымы заңды күшіне енді.