Жамбылда тұрғын үй кезегінде жоқ адамдар мемлекеттен тегін пәтер алған

0
844

Бүгінгі күні Тараз қаласында мемлекеттік тұрғын үй қорынан баспана алу кезегінде 18 565 адам тұрса, оның 1954-і - ата-анасыз қалғандар.


Жамбылда тұрғын үй кезегінде жоқ адамдар мемлекеттен тегін пәтер алған

ERNUR.KZ. Пәтер алған кейбір жамбылдықтардың пәтер кезегінде жоқтығы анықталған. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Жамбыл облысы бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасары Равиль Төлебаев айтты, деп жазады ҚазАқпарат.

«Кезектегілердің тізімін зерделеу 3 мамырда пәтер алған кейбір азаматтардың 2017 және 2018 жылғы кезек тізімінде жоқтығын көрсетті. Мемлекеттік қордан бөлінген кей пәтерлерде ешкім тұрмайтыны, кейбірінің жалға берілгені анықталды. Жергілікті атқарушы орган тарапынан мемлекеттік қордан бөлінген тұрғын үйлердің пайдаланылуы бойынша шаралар қабылданып жатқан жоқ. Жүргізілген талдау нәтижесімен, сыбайлас жемқорлық көріністерінің пайда болу шарттары мен себептерін жою мақсатында тиісті жергілікті атқарушы органдарға ұсыныстар берілді»,-деді Равиль Төлебаев.

Департамент басшының бірінші орынбасары тұрғын үй комиссиясының мұқтаж азаматтарға мемлекеттен баспана бөлу туралы шешімін лауазымды тұлғалар бақылаушылардың қатысуынсыз қабылдайтының, яғни, жұмыстың ашықтығы қамтамасыз етілмегендігін ашып айтты. Бейне және аудио жазбаның жүргізілмеуі де комиссия мүшелерінің шешім қабылдаудағы жауапкершілігіне кері әсер ететінін жеткізген ол осыған байланысты, тұрғын үй комиссиясының отырысы міндетті түрде бейне және аудиотаспаға жазылып, әлеуметтік желі арқылы тікелей эфирде көрсетілуі қажеттігін алға тартты.

Айта кетейік, тұрғын үй қорын басқару саласындағы мемлекеттік басқару - Тараз қаласы әкімдігі тұрғын үй қатынастары бөлімі міндеттерінің бірі.

Бүгінгі күні Тараз қаласында мемлекеттік тұрғын үй қорынан баспана алу кезегінде 18 565 адам тұрса, оның 1954-і - жетімдер, 1784-і - көпбалалы отбасылар, 8953-і - тұрғындардың әлеуметтік осал тобына жататындар, мемлекеттік қызметшілер, бюджеттік ұйымдар қызметкерлері және 5874-і - әскери қызметшілер.