Жамбылдық өнертапқыш мүгедектерге ыңғайлы велосипед түрін жасады

0
2 049

Ерекше велосипед мүмкіндігі шектеулі жандар үшін таптырмас дүние болып отыр.


Жамбылдық өнертапқыш мүгедектерге ыңғайлы велосипед түрін жасады
ERNUR.KZ. Жамбыл облысы Меркі ауданының жас өнертапқышы Медет Әлімжанов мүмкіндігі шектеулі жандар үшін велосипедтерден құрастырылған «Қолғанат» коллекциясын жасап шығарды, деп жазады ҚазАқпарат.

Жас өнертапқышқа жаңа құрылғыны жасап шығаруға көп уақыт кете қоймапты. Оның бұл құрастырмасы өте қарапайым десек те, мүмкіндігі шектеулі жандар үшін таптырмас дүние болып отыр. Медет бұл іске кімнің түрткі болғанын бірауық еске алды.

«Аудан орталығында әрдайым мүгедектер арбасындағы апаны бір атаның жаяу алып жүретінін көретінмін. Жаңбырлы күндердің бірінде сол кісілерді жол бойынан кезіктіріп, бірден тоқтап, межелі жеріне алып баруға ниет таныттым. Дегенмен апа көлікке мінуден бас тартты. Атадан сұрап, олардың орталықтан 4-5 шақырымдай қашықтау жерде тұратынын білдім. Осы жағдайдан кейін мен мүгедектер арбасын алып жүруге ыңғайлы велосипед түрін жасауды ойластыра бастадым. Сөйтіп, баламды балабақшаға алып баруға арнайы құрастырған үш доңғалақты велосипедімді мүгедектер арбасына ыңғайластыру жолдарына кірістім», - дейді ол.

Сөйтіп Медет үш доңғалақты велосипедінің рулін алып тастап, арбаның артқы жақтауына оңай ілінетіндей етіп қайта құрастырып шыққан. Айта кетерлігі, оның туындысы кез келген арбаға емін-еркін орнатыла береді. Жалпы, кәдуілгі велосипедтің доңғалағы, педалі мен айналмалы шынжыры ғана қалыпты. Қалған бөліктерінің барлығын Медет арбаны тізгіндеуші адамға ыңғайлы етіп құрастыра білген. Тағы бір ерекшелігі, межелеген жерге жеткен соң велосипед арбадан оңай ажыратылады, яғни алып жүруге ыңғайлы.

«Мұны жасаудағы мақсатым - мүгедектерге арналған арбаны алып жүретін қамқоршылардың жұмысын жеңілдету. Себебі көп жерде инво-таксилер жүре бермейді. Сондықтан елді мекендер арасында мұнымен жүру өте ыңғайлы әрі тебу жеңіл»,- дейді жас өнертапқыш.

Медетке жаңа құрылғыны жасап шығуына бар-жоғы 4-5-ақ күн уақыт кетіпті. Ал шығыны 40 мың теңгені құраған. Бұл қаржыға қажетті темір-терсектерді сатып алған. Толықтай құрастырып шыққаннан кейін ол өз туындысын алдымен аудандағы мүмкіндігі шектеулі балалар үйіне барып сынақтан өткізіп көріпті. Ондағылардың барлығының көңілінен толықтай шыққаны оның талабына қанат бітіріпті. Алдағы уақытта өнертапқыш осындай велосипедті көптеп құрастыруды жоспарлап отыр.

Сонымен қатар Медет бұдан өзге арнайы тапсырыс бойынша сал ауруына шалдыққан азаматтарға да арнап үш доңғалақты велосипед құрастырып үлгеріпті. Оның бұл құрылғысы велосипед қызметін ғана емес, жаттықтырушы рөлін де атқарады екен. Оған бұл тапсырысты Серіккүл Нұрланқұлова беріпті. Бүгінде денесінің бір жағы толықтай істен шыққан зейнет жасындағы Серіккүл әже осыған ұқсас құрылғыны Қытайдан тауыпты. Бірақ оның құны тым қымбатқа түскен. Дегенмен әжейдің балалары сондай құрылғының электрленген түрін алып бергілері келгенімен ол қарсы шығыпты. Себебі дертке шалдыққан әжеге үнемі жаттығу жасау керек екен.

- Дертке шалдыққаныма 9 жыл өтті. Осы уақыт аралығында қолынан іс келетін біраз дәнекерлеушілерге үш доңғалақты велосипед жасап берулерін өтіндім. Бірақ олардың ешқайсысының қолынан келмеді. Дегенмен Медеттің жасағаны көңілімнен шықты. Негізінен, бұл велосипед аяққа жаттығу жасауға бағытталған. Егер велосипед аяғым шаршап, біреу итеріп жүрген жағдайда да аяғым педальден ажырамайды. Сол арқылы денем әрдайым қозғалыста болады, - дейді Серіккүл әже.

Айта кетейік, темірден түйін түйе білетін азамат салмағы ауыр мүмкіндігі шектеулі азаматтарды арбадан түсіріп, мінгізетін арнайы құрылғы жасауды да қолға алып отыр. Ал бұл құрылғы гидравликалық негізде жасалынбақ. Сондықтан Медет қазір ізденіс үстінде. Жас өнертапқыш алдағы уақытта идеясын патенттеп, қажетті құрылғысын алып, цех ашуды да жоспарлап отыр.