«Өзімді дамытамын» деп жүріп, неден бастау керектігін білмей, көп адам тоқтап қалады. Осындай сәтте кішкентай, бірақ нәтижесі үлкен челлендждер жақсы көмектеседі.
көрнекілік: infozet сайтынан
Студенттік өмір – тек сабақ пен сессия емес, өзіңді табатын, өмірлік дағдылар қалыптастыратын кезең. Бірақ «өзімді дамытамын» деп жүріп, неден бастау керектігін білмей, көп адам тоқтап қалады. Осындай сәтте кішкентай, бірақ нәтижесі үлкен челлендждер жақсы көмектеседі. Челлендж – өзіңе берген шағын уәде сияқты: ауыр емес, бірақ жүйелі түрде жасасаң, өзгеріс міндетті түрде келеді. Қарапайым студенттің өмірін реттеп, күнделікті әдеттерді жақсартып, мотивацияны қайта жандандыратын ең тиімді челлендждерге тоқталайық.
1. 7 күндік фокус-челлендж
Бұл челлендж студенттерге өте қажет, өйткені біз көбіне бір жұмысты істеп отырып, телефонымызға секіріп, чатқа кіріп, кейін не істеп отырғанымызды ұмытып қаламыз. 7 күн бойы күн сайын бір оқу тапсырмасын немесе бір маңызды жұмысты 25 минут таза фокуспен орындау — сіздің миыңызға жаңа тәртіп береді.
Бір аптадан кейін ойыңыздың шоғырлануы артқанын, тапсырманы тезірек бітіретініңізді, ал ең қызығы — өз-өзіңізді басқара бастағаныңызды сіз нақты байқайсыз. Бұл челлендждің әдемі тұсы – жеңіл орындалады, бірақ әсері күшті.
2. 10 күндік “цифрлық детокс” челленджі
Студенттерде экран уақыты тым көп: TikTok-қа кірсең, 5 минут емес, жарты сағат ұшып кетеді. Сол үшін 10 күн бойы әлеуметтік желілерде өткізетін уақытты 1–1,5 сағатпен шектеу өте пайдалы. Бұл «толық тыйым» емес, жай ғана шектеу. Сіз бос уақыттың көбейгенін, миыңыздың жеңілдеп қалғанын, тіпті сабақ оқу жылдамдағанын байқайсыз. Телефоныңыз сізді емес, сіз оны басқара бастайсыз. Көп студент дәл осы челленджден кейін өзін әлдеқайда жеңіл сезінетінін айтады.
3. 21 күндік оқу әдетін қалыптастыру челленджі
21 күн – әдет қалыптастыру үшін жеткілікті уақыт. Бұл челлендждің шарты өте қарапайым: күн сайын кем дегенде 20–30 минут оқуға отыру. Ешқандай «2 сағат оқу» деген қысым жоқ — бастысы, тұрақтылық. Үш апта ішінде ми «оқу — күннің бір бөлігі» деген сигналды қабылдай бастайды. Нәтижесінде, оқу процесі ауыр болмайды, ал емтихан кезінде стресс әлдеқайда азаяды. Бұл челлендж әсіресе оқу дисциплинасы төмен студенттерге жақсы көмектеседі.
4. 30 күндік қаржы сауаттылығы челленджі
Көп студент ақшаны қайда жұмсағанын білмей, айдың ортасында-ақ қалтасы босап қалады. 30 күндік қаржы челленджінің мақсаты — тек бақылау.
Күн сайын 2 минут уақытыңызды бөліп, ақшаңыздың қайда кеткенін жазасыз. Ұсақ-түйек болса да, бәрін белгілеу керек.
Бір айдың соңында өз нәтижеңізді көресіз: неге көп жұмсайтыныңызды, қай жерде қателесетіндігіңізді, тіпті босқа кеткен шығындарды анық байқайсыз. Осы челлендж адамның ақшаға деген көзқарасын түбегейлі өзгертіп жібереді.
5. “Ертеңгі өзімді жақсырақ етем” 14 күндік мини-челлендж
Бұл — студенттерге өте мотивациялық әрі жеңіл челлендж. 14 күн бойы өзіңізге кішкентай ғана пайдалы іс таңдаңыз: 10 минут жаттығу, 10 бет кітап, 5 минут медитация, 2 минут бөлме жинау — бәрі жарайды. Ең бастысы, күн сайын тоқтамай жасау.
Мұндай шағын әрекеттер адамның өз-өзіне деген сенімін көтереді, өзін жалқаумын деген ойдан арылтады, өмірді біртіндеп реттеуге көмектеседі. Кейде үлкен өзгерістер кішкентай қадамдардан басталатынын осы челлендж жақсы дәлелдейді.
Челлендждердің ең керемет тұсы — сізді қыспай, жай ғана дұрыс бағытқа бастап жүруі. Олар арқылы студент өзіне тәртіп қалыптастырып, миын, ойын, уақытын, тіпті қаржысын реттей алады. Студенттік шақ — әдет қалыптастыруға ең қолайлы кезең. Кішкентайдан бастасаңыз, үлкен өзгерістерге жеткізеді. Бастысы — өзіңізге уәде беріп, соңына дейін баруды үйрену.


