Жаңа облыстардың бюджеті мен шекарасы бір жарым айда бекітіледі

0
545

Президенттің биылғы Жолдауында Семей аймағында Абай облысы құрылатыны айтылды. Семей қаласы жаңа облыстың орталығы болады.


Жаңа облыстардың бюджеті мен шекарасы бір жарым айда бекітіледі

ERNUR.KZ. Жаңа облыстарды бөлуге қатысты шешім бір жарым айда қабылданады. Бұл туралы ҚР Әділет министрі Қанат Мусин айтты, деп жазады ҚазАқпарат.

«Қазіргі кезде облыстардың бюджеттерін бөлу мен шекараларды айқындау жұмыстары жүріп жатыр. Жақында ғана Шығыс Қазақстан облысының бөлінуінің мән-жайы бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланған болатын. Жаңа облыстар бойынша жұмыспен Үкіметтің экономикалық блогы айналысып жатыр. Менің ойымша, жақында 1-1,5 айда шешім қабылданады», - деді Қ. Мусин Сенатта тілшілер сауалына жауап бере отырып.

Айта кетейік, Президенттің биылғы Жолдауында Семей аймағында Абай облысы құрылатыны айтылды. Семей қаласы жаңа облыстың орталығы болады.

Бұдан бөлек, бұрынғы Жезқазған облысының аумағында Ұлытау облысын құру қажет екені айтылды.

Мемлекет басшысы Алматы облысын екіге бөлуді ұсынды.

«Бұл өңірде Жетісу және Алматы облыстары құрылады. Алматы облысының орталығы Қапшағайда болуы керек. Ал, Жетісу облысының орталығы Талдықорғанда орналасады. Бұл қадамдар аймақтарды дамыту ісіне тың серпін береді деп санаймын», - деп түсіндірді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Жақында Шығыс Қазақстан мен Абай өңірлерінің қалай бөлінетіні Өскеменде өткен облыстық мәслихаттың кезектен тыс XIV сессиясында айтылды .