"Концерт кезінде де менің жан дүнием билеп кетеді".
ERNUR.KZ. Танымал қазақстандық әнші Димаш Құдайбергеннің Краснодарда өткен концертінен желіде «Любовь уставших лебедей» әніне билеп жатқан ер адамның видеосы пайда болды, деп жазады Skifnews.kz.
Видеоны Наталья Газина есімді желі белсендісі Facebook-парақшасына жариялады.
Видеодан концертке келген көрермен отырған креслосына көтеріліп, биге ерік бергенін көруге болады. Ол әннің ырғағымен теңселіп, жерге отыра салып, қолын алға созып жүрекпен билеп тұр. Тіпті балет өнерінің элементтерін де көрсетті.
Сонымен қатар, көрермен әнді жатқа орындап шықты. Ер адамның эмоцияға толы биі 1 минутқа созылды. Оның биін ақ жейделі ер адам бөліп жіберді. Олар өзара диалог құрғаннан кейін көрермен өз орнына жайғасты.
Отырған күйінде ол биін жалғастырғанмен белсенділігін жоғалтты.
Желі қолданушыларының ойынша, көрерменнің әрекеті оларды әнді шынайы сезінуге итермелеген. Бірақ олар концерт кезінде ішкі жан дүниесін ақтаруға ұялатындарын жазды.
"Мен осылай үйде билеймін. Концерт кезінде де менің жан дүнием билеп кетеді. Бұл ер адамға қатты қызығамын, мен де солай билегім келеді", "Мен де Димаштың даусына мастанамын, тек көпшілікке жария етпеймін", "жаным ұшып кеткендей күй кешемін", - деп жазды олар.