​Жасөспірімдерге ішімдік сатқан кәсіпкерлер жазаланды

0
2 711


​Жасөспірімдерге ішімдік сатқан кәсіпкерлер жазаланды

иллюстрациялық фото: ашық дереккөзден

ERNUR.KZ. Петропавлда заңды белшесінен басып, кәмелеттік жасқа толмағандарға арақ-шарап сатып келген 12 дүкен әшкереленді. Жаңа оқу жылының алдында тәртіп сақшылары жүргізген алдын-алу шарасы барысында жасөспірімдерге қатысты басқа да фактілер анықталды, деп жазады Baq.kz.

Солтүстік Қазақстан полицейлері жыл басынан 85 рейд жүргізген. 42 жасөспірім арнайы есепке алынды. 500-ден астам ата-ана балалары түнгі клубтарда жүргені үшін жауапкершілікке тартылған. Сауда орындарын тексере келе, 12 дүкеннің кәмелеттік жасқа толмағандарға спирттік ішімдік сатып жүргені белгілі болды.

«Полиция қызметі жасөспірімдер арасында болатын құқық бұзушылыққа баса мән береді. Әсіресе жазғы демалыс уақытында бұл санаттағы қала тұрғындары ерекше назарымызда болады. Жағдайы нашар отбасылармен көбірек жұмыс істейміз. Петропавлда мұндай 59 отбасы тіркелген. Тәжірибе көрсетіп отырғанындай рейдтік шаралар көп қылмыстың алдын-алуға септеседі. Сондықтан, бұл бағыттағы жұмыс жалғасын табады», - дейді Петропавл қалалық ІІБ жергілікті полиция қызметінің бастығы, полиция майоры Асан Смағұлов.

Полицейлердің сөзіне қарағанда мектеп оқушыларының қатысуымен болатын жол-көлік оқиғаларының алдын-алу мақсатында да жұмыс қарқыны үдетілген. Жыл басынан бері мұндай 18 жол апаты тіркелген. Оның бірінде мас жүргізушінің кінәлі екені дәлелденді. Оқушыларға жол ережесін түсіндіру жұмыстарына облыс педагогтары да жұмылдырылған.

«Біз оқушыларды жазғы демалысқа шығарып салардың алдында ата-аналар жиналысын өткізіп, балаларды қадағалау жайында қолхат аламыз. Жыл бойы сынып сағаттарында балаларға жолда жүру ережелерін түсіндіреміз. Мұндай сабақтарға тәртіп сақшыларының да қатысатын кезі болады», - дейді Петропавл қалалық 21-ші орта мектеп мұғалімі Фариза Қайроллақызы.

Петропавл қаласында қыркүйектің алғашқы онкүндігінде «Балаға назар сал!» акциясы ұйымдастырылмақ.