Жамбыл облысында бірнеше бағыт бойынша қарқынды жұмыстар атқарылған.
иллюстрациялық фото: ашық дереккөзден
Бүгінде адамзат әлемінің алдында тұрған маңызды мәселелердің бірі – экологиялық мәселелерді шешіп, жер бетіндегі жасыл желек алқабын ұлғайту болып отыр. Бұл тұрғыда біздің елмімізде де қоршаған ортаны жкологиялық апаттардан қорғап, «Жасыл Қазақстан» деп аталатын ұлттық бағдарлама арқылы айналаға қамқорлық жасау жұмыстары қолға алынған. Осы мақсатта биыл Жамбыл облысында бірнеше бағыт бойынша қарқынды жұмыстар атқарылған. Бүгін сол жұмыстарды бір шолып өтпекпіз.
Жамбыл облысында бұл бағыттағы жұмыстар өткен жылдың соңында басталып, өңір басшысы Корея елінде жұмыс істейтін Securo компаниясы мүшелерімен жүздескен еді. Сол кездесуде компания басшысы ұсынған жобалардың ішінде экологиялық тұрғыдан таза болып саналатын электр қуатын шығару бағдарламасы да болған. Дәлірек айтсақ, бұл компания Жамбыл облысынан 270 МВт қуаттылыққа ие, бес жүз жаңа жұмыс орны ашылатын, жалпы бағасы 180 миллиард теңгені құрайтын жылу электр стансасын салмақ. Бұл жобаның басты ерекшелігі – экологиялық тұрғыдан таза қуат көзін өндіретіндігі.
Содан соң, көктем шыға салысымен өңірді жасылдандыру саясаты негізінде ағаш отырғызу жұмыстары қарқын алды. Мәселен, наурыз айының орта тұсында Шу өңірінде «Атадан мал қалғанша, тал қалсын» деген атаумен акция өткізіліп, түрлі салада қызмет етіп жүрген азаматтар мен жасөспірімдер ағаш көшеттерін отырғызды. Сонымен қатар, «Балауса» деген атаумен экологиялық топ құрылып, бүгінде бұл ұйым қоршаған ортаны жасылдандыруға үлес қосып келеді.
Жалпы, 2023 жылдың көктемінде Әулиеата өңірінде отыз мың ағаш көшеті отырғызылған екен. Тиісінше, бұл жоспарды орындау көрсеткіші ойлағаннан да асып түсіп, жүз жиырма пайызға жуықтапты. Одан бөлек, қоршаған ортаны қорғау мақсатында 600 мың шаршы метрге жуық аумақты алып жатқан аллеялар мен бақтар, ұзындыңы 1 млн. 177 мың шақырымнан асатын каналдар тазартылып, 4 млн. 400 мың тоннадан астам қоқыс шығарылыпты. Бұл жұмыстың барлығы онға жуық жалпыхалықтың сенбіліктер аясында орындалған. Ал, көктемдегі экологиялық науқандарға жиырма мыңнан адам қатысып, он үш мыңнан аса ағаш көшетін еккен. Одан бөлек, әкімдік қызметкерлері сексеннен аса қоқыс төгілген орынды анықтап, елуден астамын жойыпты.
Биылғы жылы Жамбыл өңірінде болған тағы бір жаңалық – «жасыл» сутегі өндірісін ұйымдастыру болатын. Нақтырақ айтсақ, шетелдік компаниялар ұсынған бұл жоба шеңберінде сутегіні қолданудың маңызды салаларының бірі –қоғамдық көлік құралдарына арнап экологиялық тұрғыдан зиянсыз жанар-жағармай шығару. Тиісінше, өңірде күннен қуат алатын станция, таза отын құятын бекеттер салу және сутегі арқылы қозғалатынқоғамдық көліктер жеткізу жоспарланған болатын. Атап өтсек, бұл жобаны венгриялық «Globalia Kft» компаниясы ұсынған еді. Осы орайда Әулиеата өңірі мен венгриялықтар арасындағы тауар айналымының көлемі былтыр алпыс мың АҚШ долларынан асса, биылғы жылдың алғашқы төрт айының өзінде жүз он мың доллардан асып түскенін айта кету керек. Сәйкесінше, венгриялықтар ұсынған инвестициялық жобаның жалпы құны жүз жиырма миллион АҚШ долларына тең болса, ауқымды жоба аясында сексен мың жаңа жұмыс орны ашылады екен.
Сонымен қатар, қыркүйек айында өңір басшысының төрағалығымен «Жасыл белдеу» бағдарламасын іске асыру бойынша жиын өтті. Сол жиында мәлім болғандай, қазір Әулиеата өлкесіндегі орман алқабының жалпы аумағы 4 миллион 427 000 гектарды құрайтын болса, соны жартысынан шамалы ғана көбірек жерінде жасыл желек жайқалып тұр екен. Жалпы, өңірдің үштен бір бөлігі ғана орман қоры болып саналады. Осы ретте, ел Президентінің мемлекет аумағында екі миллиард ағаш көшетін егу тапсырмасына сәйкес, министрлік Жамбыл облысында да кешенді жоспар бекітіп берген. Сол жоспарға сай, 2025 жылға дейін Жамбыл өңірінде 140 миллион 800 мың ағаш көшеті отырғызылуы қажет екен. Тиісінше, облыс көлеміндегі 800 мың гектардан аса алапқа бір миллион ағаш көшеттерін егу жоспарланса, қазіргі уақытқа дейін соның 118 мыңнан астам гектарына 114 мыңнан аса ағаш көшеті отырғызылған екен. Одан бөлек, өңірдегі елдімекендердің жасыл белдеуін ұлғайту мақсатында 800 мыңға жуық ағаш көшеті әзірленіп жатқан көрінеді.
Өңірдегі тағы бір тың жаңалық – облыс орталығындағы кәріз тазарту жобасын іске асыру. Себебі, қала аумағындағы сонау өткен ғасырдың алпысыншы жылдары салынған кәріз суын тазарту нысандарының жұмысы қазіргі кезеңде көңіл көншітпейді. Оның үстіне ол нысандардың қуаттылығы күніне қырық мың текше метрден аса болса, бүгінде сарқынды судың көлемі жетпіс кейде сексен мың текше метрге жетеді екен. Жаңа тазарту нысандарын салу қажеттілігі осы себептерден туындап отыр.
Осы орайда әкімдік қызметкерлері эколог мамандармен тізе қосып, зерделеу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Әрі обаныс іске асыру мақсатында «СЕСТ Consulting» деп аталатын компаниямен меморандум түзілген. Қазіргі уақытқа дейін жобаның негіздемесі әзірленсе, жыл аяқталғанша мемлекеттік сараптамадан оң нәтиже шығарылады деп жоспарланып отыр. Егер жоспар ойдағыдай жүзеге асырылса, құрылыс 2025 жылы бастау алып, 2 жылдан кейін түйінделмек.
Жалпы, қазіргі уақытта көпшілікті ааңдатып отырған экологиялық мәселелерді реттеу өңір басшылығының негізгі міндеттерінің бірі болып бекітілген. Сондықтан ұсынылған жобаларды уақытылы әрі сапалы түрде іске асырудың да маңыздылығы айрықша деп айта аламыз.
Б.Мейірханұлы,