Жедел жәрдем қызметінде "парамедик" мамандары пайда болады

0
797

Мәжілісте өткен үкімет сағатында депутат Еділ Жаңбыршин жедел медициналық жәрдем қызметкерлерінің жалақы проблемасын көтерді.


Жедел жәрдем қызметінде

ERNUR.KZ. Қазақстанда жедел жәрдем қызметінде істейтін жүргізушілердің жалақысын көтеру үшін "парамедик" мамандығы енгізледі. Бұл туралы денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният мәлімдеді, деп жазады sputnik.kz.

Мәжілісте өткен үкімет сағатында депутат Еділ Жаңбыршин жедел медициналық жәрдем қызметкерлерінің жалақы проблемасын көтерді. Ол жуырда Маңғыстау облысында жедел жәрдем қызметкерлері наразылық акциясына шығып, еңбекақыны көтеруді талап еткенін еске салды.
"Мәселен, Маңғыстау облысында орташа жалақы – 414 мың теңге. Ал орташа медперсоналдың жалақысы – 190 мың теңге, жүргізушілер мен кіші медперсонал бар болғаны 102 мың теңге алады. Қысы-жазы күні-түні жұмыс істейтін медицина саласының алдыңғы қатарлы жауынгерлерінің осындай жалақы алуы әділетсіздік деп санаймын", - деді мәжілісмен.
Осыған байланысты Жаңбыршин денсаулық сақтау министрінен жедел жәрдем мамандарының жалақысын көтеру үшін қандай шаралар қабылданатынын сұрады.
Ажар Ғиният жедел жәрдем жүргізушілерінің айлығы 100 мың теңгеден сәл асатынын растады.
Айтуынша, жедел жәрдем жүргізушілерінің айлығын өсіру үшін "парамедик" мамандығын енгізу жоспарда бар.
"Жүргізуші емес, "парамедик" деген мамандық енгізу керек деген ұсыныс бар. Жедел жәрдем көлігінде отырған жүргізуші де сол шұғыл бригаданың құрамына кіреді ғой. Олар "парамедик" деген мамандық алса, жалақысын көтере аламыз деп жоспарлап отырмыз. Сондықтан заң жүзінде қазір осындай ұғым енгізіп жатырмыз. Парамедик деген кім, оның жалақысы қанша болуы керек, бәрі пысықталады. Сөйтіп біз жүргізушілердің жалақысын 20% былай тұрсын, одан да жоғары көтеруге мүмкіндік береміз", - деп түсіндірді Ғиният.
Министр президенттің тапсырмасымен дәрігерлердің жалақысы жыл сайын 30%-ке, орташа медицина қызметкерлерінікі 20%-ке, ал биылдан бастап медициналық қызметкер емес, бірақ медициналық ұйымдарда істейтін қызметкерлердің айлығы 20%-ке өсіп жатқанын атап өтті.
Биыл дәрігерлердің орташа жалақысы – 420 мың, орта медицина қызметкерлерінің айлығы – 250 мың, ал осы салада істеп жүрген медицина қызметкері емес мамандардың жалақысы 120 мың теңгені құрайды.