Бүгінде елімізде 4,6 мыңнан астам адамның жеке куәлігі жоқ.
ERNUR.KZ. Елімізде жеке куәлігі жоқ азаматтар коронавирус індетіне қарсы вакцина салдыра ала ма? Бұл сұраққа ҚР ІІМ Көші-қон комитеті төрағасының орынбасары Сабыржан Сейітжанов жауап берді, деп жазады ҚазАқпарат.
«Вакцина алған кезде ол азаматқа қатысты жеке мәлімет базаға енгізіледі. Аталған тұлғаның ЖСН-і (жеке сәйкестендіру нөмірі) болуы шарт. Осы орайда жеке куәліксіз вакцина алу мүмкін емес. Яғни ол вакцина алған азаматтардың есебіне кірмейді. Сондықтан да азамат алдымен, жеке құжатын реттегені абзал. Осы орайда біз ел аумағындағы жеке куәліксіз тұрғындарды анықтау акциясын өткізіп жатырмыз. Оларға құжатсыз ешқандай қызмет алу мүмкін еместігін түсіндіріп, жеке куәлік алуына көмектесудеміз», - деді Сабыржан Сейітжанов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.
Оның айтуынша, қоғамды ақпараттандыру мақсатында түсіндіру жұмыстары жүріп жатыр.
«Жалпы халықты оның ішінде құжатсыз жүрген азаматтарды хабардар ету мақсатында ҚР ІІМ Көші-қон комитеті, тәртіп сақшылары, үкіметтік емес ұйым және басқа құзырлы орган өкілдерін тарта отырып үгіт-насихат және түсіндіру жұмыстары ұйымдастырылды», - дейді ол.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, бүгінде елімізде 4,6 мыңнан астам адамның жеке куәлігі жоқ.