Сот процессі жүрген уақытта бұл аттракционды салған жауапты адамдар табылмапты. Тіпті, жобасы да жоқ екен.
фото: видеодан скриншот
ERNUR.KZ. Желге ұшқан миллиондар! 334 млн теңгеге салынған Рудныйдағы атышулы аттракцион сүрілетін болды. Жергілікті соттың шешіміне сәйкес, ол қауіпсіздік талаптарына еш сай келмейді екен. Қызығы, бұл нысанның жобасы да болмапты. Тіпті оны кім салғанын, қаражаттың кімге бөлінгенін ешкім білмейтін болып шықты, деп жазады Еуразия бірінші арнасы.
Шешілмеген проблемасы жетерлік, мәселесі шаш етектен Рудный қаласында құны 334 млн теңгелік айналма аттракцион салынады дегенде үлкені түгіл, баласы да қуанбап еді. Бірақ халықтың пікірін сұраған біреу болды ма? Ешкімде жоқ аттракционды көріп, қалаға инвесторлар тартылады деген әкімдіктің үміті 2 апта өтер-өтпестен су сепкендей басылған-ды. Әу-бастан рудныйлықтардың ашуына тиген аттракционның мәселесіне соңғы нүкте қойылды. Жергілікті соттың шешіміне сәйкес, ол ешқандай талаптарға сай келмейтін болып шықты.
«Қытай Халық Республикасының өнімі болып саналатын айналма аттракцион елімізге заңсыз жеткізілген. Және ол ешқандай талаптарға сәйкес келмейді. Ал оның кабинкалары тиісті нормадан әлдеқайда жеңіл. Сондықтан оны эксплуатацияға жіберу қауіпті. Сол үшін сот айналма атракцион бүгін сүрілсін деген шешім шығарып отыр» - дейді судья Марияш Жамалиева.
Қызығы, сот процессі жүрген уақытта бұл аттракционды салған жауапты адамдар табылмапты. Тіпті, жобасы да жоқ екен. Енді 334 млн теңгеге салынған бұл нысанға бөлінген қаражат кімнің қалтасына кеткені тағы сұрақ күйінде қалып отыр.
«Біз жобаның авторы кім екенін сол күйі таппадық. Белгілісі, бұл аттракционның құрылысына қатысы бар адамдар қазір Қазақстанда емес, шетелде жүр. Бірақ, қылмыстық іс қозғалды. Жауапты адамдар тиісті жазасын алады», дейді қорғаушы Олег Матвеев.
Осылайша не инвестор жоқ, не аттракцион жоқ, не ақша да жоқ. Қысқасы, мемлекеттік бюджеттен бөлінген 334 миллион теңге желге ұшты. Ал рудныйлықтар, бұл қаражатқа қанша мәселені шешуге болатын еді деп кезінде оларды тыңдамаған әкімдікке реніштерін білдіріп отыр.