Петропавлдағы бұрынғы жатақхана ғимаратында 21 ақпанда өрт шыққаны хабарланған еді.
ERNUR.KZ. Әлеуметтік желіде Петропавлдағы көпқабатты үйлердің бірінде болған жарылыс видеосы тарады, деп жазады Tengrinews.kz.
Полиция өкілдері бұл бірнеше күн бұрын төтенше жағдай болған жатақхана екенін растады.
Бұған дейін СҚО ТЖД басшысы Рамиль Камалов көпқабатты үйден 7 газ баллоны, оның ішінде, жарылған баллон да шығарылғанын айтқан болатын. Олар тек кафеде емес, сонымен қатар, пәтерлерде де қолданылған. Бұрын жатақхана болған нысан орталық газдандыру жүйесіне қосылмаған.
Тұрғын үйдің 120 тұрғыны уақытша көшірілді, көпқабатты үйде жөндеу жұмыстары басталды.
Айта кетейік, Петропавлдағы бұрынғы жатақхана ғимаратында 21 ақпанда өрт шыққаны хабарланған еді. ТЖД алдын-ала тексеру нұсқасы бойынша, бірінші қабаттағы кафеде газ баллоны жарылған. Екі адам қаза болды, үшеуі реанимацияда. Зардап шеккендердің арасында он жасар бала бар.
Тұрғын үйден 120 адам эвакуацияланды. Петропавл әкімдігі жергілікті мәдениет үйінде әлеуметтік көмек жиналысын жариялады.
Облыс прокуратурасы ҚР ҚК-ның 292-бабы 3-бөлігі бойынша қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады. Жедел-тергеу тобы құрылды.