Жер мәселесі: Мораторий биыл 31 желтоқсанда аяқталады

0
2 296

Министр мораторийдегі шектеулерді атады.


Жер мәселесі: Мораторий биыл 31 желтоқсанда аяқталады

ERNUR.KZ. Жер реформасы жөніндегі комиссияның бірінші отырысында Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров Жер комиссиясының бүгінгі отырысының күн тәртібіне тоқталды, деп жазады baq.kz.

"Өздеріңізге белгілі, 2016 жылы Мемлекет басшысының Жарлығымен Жер кодексінің жекелеген баптарының қолданысына мораторий енгізілді. Бұл мораторий 2021 жылғы 31 желтоқсанда аяқталады. Енгізілген мораторийде біршама шектеу көзделген", - деді ол.

Сапархан Омаров мораторийдегі шектеулерді атады:

- шетелдіктерге, азаматтығы жоқ адамдарға, шетелдік заңды тұлғаларға ауыл шаруашылығы жерлерін жалдау құқығын беруге тыйым салу;
- жарғылық капиталында шетелдік қатысу үлесі бар бірлескен кәсіпорындарға ауыл шаруашылығы жерлерін жеке меншікке сатуға және жалға беруге тыйым салу;
- қазақстандықтарға ауыл шаруашылығы жерлеріне арналған жекеменшік құқығын беруге тыйым салу;
- ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді жалдау құқығын мемлекеттен сатып алмай иеліктен шығаруға тыйым салу.

Шетелдіктер бойынша мораторий нормалары бойынша Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2021 жылғы 25 ақпанда Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің бесінші отырысында бұл жөнінде түпкілікті саяси шешім қабылдады. Атап айтсақ, Президент ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлер жеке меншікке сатылмайды және шетелдіктерге, азаматтығы жоқ адамдарға, шетелдік заңды тұлғаларға, Қазақстан Республикасының шетелдік қатысатын заңды тұлғаларына, халықаралық ұйымдарға, халықаралық қатысу үлесі бар ғылыми орталықтарға, сондай-ақ қандастарға жалға берілмейді деп шешті, - деп айтты министр.

Ол атағандай, шұғыл түрде тиісті заң жобасы әзірленіп, Парламент Мәжілісіне арнайы Жолдаумен енгізілді, қазіргі уақытта ол жұмыс топтарында қаралу сатысында.

Мораторийдің кейбір мәселелері ғана шешілмеген күйде тұр, бұлар – ауыл шаруашылығы жерлерін жалға алу құқығын алып тастай отырып, қазақстандықтарға жекеменшікке беру, сондай-ақ жер пайдаланушылардың ауыл шаруашылығы жерлерін мемлекеттен сатып алмай ұзақ мерзімді жалдау құқығын иеліктен шығаруы мәселелері, - дейді Ауыл шаруашылығы министрі.

Сондай-ақ, комиссияның отырысында қазақстандықтар үшін жеке меншік мәселесінің тарихына тоқталды.

Ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерге жеке меншік құқығы 2003 жылдан бастап заңнама жүзінде бекітіліп беріліп, ауыл шаруашылығы жерін не жеке меншікке сатып алуға не 49 жылға дейін ұзақ мерзімді жалға алуға мүмкіндік берілді. 2015 жылы Жер кодексіне өзгерістер енгізілді, оның аясында қазақстандықтарға ауыл шаруашылығы жерлерін 49 жылға дейін жалға беру мүмкіндігі алынып тасталды. Жаңа өзгеріс ауыл шаруашылығы жерлерін қазақстандықтарға жекеменшік құқығымен ғана беруді көздеді. Бұл үшін жұмыс істеп тұрған жер пайдаланушылар мемлекеттен ауыл шаруашылығы жерлерін кадастрлық құнының 50%-ы мөлшеріндегі жеңілдікпен біржолғы төлеммен немесе жердің толық құнын 10 жыл бойы бөліп төлеу шартымен жекеменшікке сатып алуға міндетті болды, - деп түсіндірді министр.

Оның сөзінше, ауыл шаруашылығы жерлерін жалдау құқығын мемлекеттен сатып алмай, иеліктен шығару мүмкіндігіне түзету де 2015 жылы енгізілген болатын.

Бұл түзетулерге 2016 жылы Мемлекет басшысының Жарлығымен мораторий енгізіліп, тиісті Заң қабылданды. Жер комиссиясының отырыстары аясында жоғарыда аталған мәселелер бойынша түпкілікті шешім қабылдау ұсынылады, - деп айтты Омаров отырыста.