Қазақстанда элиталық тұқым үлесі 12%-ға жетті

0
275


Қазақстанда элиталық тұқым үлесі 12%-ға жетті

Фото: АШМ

ERNUR.KZ. Қазақстанда ауыл шаруашылығының өнімділігін арттыру мақсатында элиталық тұқымдардың үлесі 12%-ға жетіп, 2,2 млн тонна минералды тыңайтқыш қолданылды, деп хабарлайды Ауыл шаруашылығы министрлігі.

Ведомствоның мәліметінше, өсімдік шаруашылығының тиімділігін арттыру, заманауи агротехнологияларды енгізу және аграрлық өндірістің климат өзгерістеріне төзімділігін нығайту жұмыстары жалғасып жатыр.

Негізгі шаралар Мемлекет басшысының ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемін екі есе арттыру жөніндегі тапсырмасына сәйкес әзірленген 2024-2028 жылдарға арналған жол картасында қамтылған.

Басым бағыттардың бірі – егіс алқаптарының құрылымын әртараптандыру. Атап айтқанда, жоғары табысты дақылдардың үлесін ұлғайту арқылы ауыл шаруашылығы жерлерін пайдаланудың экономикалық тиімділігін арттыру көзделіп отыр.

Биыл элиталық тұқымдардың үлесі жоспарланған 11,6%-дан асып, 12%-ға жетті. Министрлік бұл көрсеткішті одан әрі арттыру дақылдардың өнімділігі мен қолайсыз ауа райына төзімділігін күшейтетінін атап өтті.

“ Тағы бір маңызды міндет – минералды тыңайтқыштарды қолдану көлемін ұлғайту. Биыл аграршылар 2,2 млн тонна минералды тыңайтқыш енгізді. Бұл ғылыми негізделген қажеттіліктің 66%-ын құрайды. Тыңайтқыштарды қолдану көлемін одан әрі арттыру егіншілік тиімділігін көтеріп, ауыл шаруашылығы алқаптарының өнімділігін жақсартуға мүмкіндік береді “, – делінген министрлік ақпаратында.

Сонымен қатар ауыл шаруашылығы техникасын жаңарту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Биыл машина-трактор паркін жаңарту деңгейі 7%-ға жеткен. Жыл соңына дейін бұл көрсеткішті 8%-ға жеткізу жоспарланған.

Климаттың өзгеруі мен су ресурстарына түсетін жүктеменің артуына байланысты су үнемдеу технологияларын енгізу ауқымы да кеңейтіледі.

Министрліктің мәліметінше, аталған шаралар әр гектардан алынатын өнім көлемін тұрақты арттыруға, өнімнің өзіндік құнын төмендетуге және отандық ауыл шаруашылығының бәсекеге қабілеттілігін нығайтуға бағытталған.