Дүниежүзі халықтарының бірлігі мен достығының жаршысы – Бейбітшілікте жүгіру халықаралық эстафетасы. Дәстүрлі жарыстың мақсаты – саламатты өмір салтын насихаттау.
ERNUR.KZ Дәстүр бойынша Біріккен Ұлттар Ұйымының Нью-Йорктегі штаб пәтерінен басталған Бейбітшілікте жүгіру эстафетасына қазақстандық марафоншылар да қатысты, деп жазады Aikyn.kz.
Әлемді бейбітшілік, достық, ынтымақ пен бірлікке шақыратын спорттық-гуманитарлық іс-шараға жүгіруге жасына қарамастан, кез келген азамат қатыса алады. Қатысушылар еркіндіктің символы – жанған алауды олимпиялық стильде қолдан-қолға сөндірмей жеткізеді. Жанған алауды алып жүріп немесе қолда ұстап тұрып бейбітшілік туралы арман-тілегін айтады. Эстафета адамдарды бейбіт өмір сүруге шақырады. Әртүрлі халықтар арасында достық қарым-қатынас пен мәдени диалогтың дамуына септігін тигізеді.
Айта кетер жайт, Бейбітшілікте жүгіру – әлемдегі ең ұзын алау эстафетасы. Тұңғыш рет 1987 жылы өткізілген. Сол уақыттан бері эстафета үздіксіз 6 құрлықта 140-тан астам мемлекетте өткізіледі. Эстафетаға Еуропа, Азия, Солтүстік және Оңтүстік Америка, Африка, Австралиядан бұған дейін 6 миллионнан астам адам белсенді қатысқан. Дәстүр бойынша Бейбітшілікте жүгіру Біріккен Ұлттар Ұйымының Нью-Йорктегі штаб пәтерінен басталады. Алау әлемнің түкпір-түкпіріне тарап, эстафета тармақталады. Ал Қазақстан мен Ресейдегі эстафета – қоғамның бастамасы. Екі елден марафоншы, әуесқой спортшылары бос уақытында эстафетаға арнайы қатысады. Мыңдаған шақырымды жүгіріп өтіп, бірлікті насихаттайды.
Аталған іс-шара әлемге әйгілі тұлғалардың қолдауына ие. Тереза Ана, Далай Лама, Рим Папасы II Иоанн Павел, Архиепископ Дэсмонд Туту, Михаил Горбачев, Нельсон Мандела, ІІ Елизавета патшайым, Диана ханшайым, Мұхаммед Әли, Карл Льюис, Вячеслав Фетисов, Александр Карелин, Анатолий Карпов, Николай Валуев, Владимир Смирнов, Анатолий Храпатый, Ермахан Ыбырайымов, Марат Жыланбаев, Пол Маккартни, Борис Гребенщиков, Роза Рымбаева бейбіт өмірді насихаттауға белсене қатысқан.
Ерекше айтып өтер жайт, 1996 жылы ғарышкер Геннадий Стрекалов эстафета алауын ғарышқа апарып, «Мир» орбиталық стансасында америкалық ғарышкерлерге табыстады. 2006 жылы эстафета алауы – Эльбрусқа, ал 2008 жылы Солтүстік полюске жетті.
Қазақстан мен Орталық Азияда эстафетаны алып жүру 2008 жылдан басталады. Бірінші рет 6 қыркүйекте Астанадан басталған жүгіру Бішкек – Ташкент – Душанбеде жалғасқан болатын.
2010 жылы қатысушылар алауды «Хиросима –Сеул – Хайлар – Ұлан-Батыр – Астана–Алматы – Бішкек – Ташкент – Душанбе–Баку–Мәскеу» бағытында алып жүгірген.
Сондай-ақ 2012 жылы елордада ЮНЕСКО Бас конференциясының президенті Д.Хэпберннің қатысуымен «Бәйтерек» монументінің алаңында эстафетаның 4 халықаралық тармағын қарсы алып, қорытындысын өткізген еді. 2013-2017 жылдары эстафета алауы Қазақстанның Алматы, Қорғас, Павлодар, Семей, Өскемен, Петропавл, Қостанай, Қарағанды және Ертіс өзені аумағын басып өткен.