Жетімдер үйлеріне бөлінген 76 млн теңгенің заңсыз жұмсалғаны анықталды

0
567

​Қаржылық барлау Қаржылық мониторинг агенттігінің аумақтық департаменттерімен бірлесіп, жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған мекемелерді тексерді.


Жетімдер үйлеріне бөлінген 76 млн теңгенің заңсыз жұмсалғаны анықталды

ERNUR.KZ. Оның қорытындысы бойынша 21 заң бұзушылық анықталып, жалпы шығын сомасы 76 миллионнан астам теңгені құраған, деп жазады inbusiness.kz.

Ең жиі жасалған бұзушылықтар қатарында қызметкерлерге жалақыны заңсыз есептеу және оларды бухгалтерлердің иеленуі, тауарлар мен азық-түлікті жоғары бағамен сатып алу, сеніп тапсырылған мүлікті ысырап ету сияқты деректер болған.

Мысалы, мекемелердің бірінде зағиптарға арналған бағдарламалық қамтамасыз етуі бар ноутбуктерді сатып алу кезінде бюджетке келтірілген шығын 17 млн теңгеден асқан. Аумақтар мен ғимараттарды абаттандыруға және ағымдағы жөндеуіне арналған бюджет қаражатын ұрлау деректері де орын алған.

Мәселен, жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған бір арнайы мектеп-интернатта 3 млн теңге жымқырылған. Қаражат асхана шатырын жөндеуге бөлінген еді. Қазір барлық бұзушылық бойынша тергеу шаралары жүргізілуде.

«Бұл деректер агенттіктің қаржылық барлау қызметкерлері жүргізген терең және жан-жақты талдаудың арқасында анықталды. Бұл әлеуметтік мекемелердің қызметіне араласпай оларға тексеру жүргізуге және бұзушылықтарды анықтауға мүмкіндік береді. Барлық анықталған бұзушылықтар Экономикалық тергеу қызметіне тапсырылды»,– делінген агенттіктің хабарламасында. Осы жағдайлар бойынша қазір 16 қылмыстық іс бойынша тергеу жүргізіліп жатыр.