Жетісу өңірі ҮШ ЖЫЛДА қалай дамиды?

0
688

Өңір экономикасы ілгерілеп, халықтың өмір сүру деңгейі де көтеріле түспек.


Жетісу өңірі ҮШ ЖЫЛДА қалай дамиды?

иллюстрациялық фото: ашық дереккөзден

Бүгінгі таңда Үкімет дайындаған «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» атты ұлттық жоба аясында ел аймақтарын дамыту жұмыстары қарқынды жүргізіліп келеді. Олардың қатарында жаңадан құрылған Жетісу өңірі де бар. Бұл ретте облысты дамытудың 5 басым бағыттары да нақтыланған. Олар: ауыл шаруашылығын дамыту және азық-түлік өнімдерін өндіру; өнеркәсіпті дамыту және бизнеске қолдау көрсету; тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығын және автокөлік инфрақұрылымын жаңғырту; әлеуметтік инфрақұрылымды жақсарту; туризмді дамыту және экология мәселелерін шешу. Тиісінше, қазір Жетісудың әлеуметтік-экономикалық қуатын арттыруға бюджеттен қаржы бөлініп, қолдау көрсетіліп жатыр. Бұл өз кезегінде аймаққа инвестиция тартуға және инфрақұрылымды жақсартуға септігін тигізеді.


Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы да Жетісу өңірін дамытуды тікелей бақылауына алып, кейбір мәселелерге арнайы тоқталып өткен еді. Ол ең алдымен, ауыл шаруашылығын дамытуды және азық-түлік өнімдерін өндіруді бірінші мәселе ретінде атап өткен. Мемлекет басшысының айтуынша, табиғаты жайлы, жері құнарлы Жетісу өлкесінің ауыл шаруашылығындағы әлеуеті өте зор.


«Бүгінде Жетісу облысы бойынша 100 мың гектардан астам пайдаланылмай жатқан жер анықталды. Жер – халықтың байлығы. Ол барлық азаматтың игілігіне жарауы керек. Әкімдер бұл мәселені қатаң бақылауда ұстауы қажет. Облыстың суармалы жерлерді игеруге зор мүмкіндігі бар. Бүгінде аймақтағы жер суаратын желілердің 70 пайызы тозып тұр. Оның бәрін жаңғыртып, қалыпқа келтіру керек. Ақсу, Алакөл және Сарқан аудандарында суармалы жердің көлемін 18 мың гектарға ұлғайтуға болады. Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі облыс әкімдігімен бірлесіп, осыған орай нақты шаралар қабылдасын», – деген Қ.Тоқаев өз сөзінде.


Туризм және экология

Иә, бұл облыс жаңадан құрылғанымен тарихы тереңде жатыр. Табиғи байлықтарға да кенде емес. Сол себепті жергілікті әкімдік өңірдегі туризм саласын дамытуға да айрықша мән беріп, осы арқылы экономиканың өркендеуіне жағдай жасамақ. Мәселен, Жетісудағы ұлттық сааябақтар аумағында құны 3 миллиард теңгеден асатын ауқымды жобалар жүзеге асырылатын болады. Ол үшін ірі инвесторлар да тартылып қойды.

Тағы бір айта кетерлігі – қорғасын-мырыш комбинатының қалдықтары Текелі қаласының ластануына себеп болып отыр. Ал, соның салдарынан жер құрғап кетпес үшін Балқаш көлінің жағалауын көгалдандыру қажет. Бір қуанарлығы – аталған мәселе мемлекеттік деңгейде көтеріліп, ел президентінің назарына алынған.


Өнеркәсіп және кәсіпкерлік

Жетісу өңіріндегі өнеркәсіп саласында даму көрсеткіштері жоғары. Мәселен, жыл басынан бері осы салада 23 нысан пайдалануға берілген. Соның ішінде, бірнеше жылдан бері тоқтап тұрған жоғары сапалы кремний өндіретін Kazsilicon зауытының жаңғыртылып, іске қосылуын және темірді тікелей тотықсыздандыратын «Электромарганец» зауытының құрылысын ерекше атап өтуге болады. Енді олар металлургия саласындағы озық технологияларды әзірлеу және тарату ісін жандандыра түспек. Сонымен бірге, облыста жеті мыңнан астам жұмыс орны ашылатын 162 жобаны қамтитын инвестициялық бағдарлама даярланған. Бұл жобаның да тиімділігі мол болады деп жоспарланып отыр. Сондай-ақ, алдағы уақытта сапалы жұмыс орындарын құруға мүмкіндік беретін өңдеу өнеркәсібі саласына инвесторлар көптеп тартылмақ.


Әлеуметтік нысандар

Бүгінде Жетісу облысында апатты жағдайдағы және үш ауысымда оқытатын мектептер жоқ екен. Дегенмен, мектеп мәселесі әрдайым әкімдіктің назарында бола бермек. Сонымен бірге, қазір Талдықорған қаласында шетелдік ірі технологиялық университеттің филиалын ашу мәселесі пысықталып жатыр. Аталған университет ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп, туризм және цифрлық технологиялар саласы бойынша мамандар даярлауға қабілетті болмақ. Мұның нәтижесінде өңірден көшіп кететін жастар саны азайып, жергілікті салалар білікті мамандармен қамтылады деп күтіліп отыр.

Сондай-ақ, облыстың алты ауданындағы шалғай орналасқан елді мекендерде медициналық пункттерге арналған 12 модульдік кешен салынады. Ал, 2024 жылға дейін тағы 40 ауылда осындай нысан бой көтереді. Сонымен бірге, өңірдегі бірқатар денсаулық сақтау мекемелеріне күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіледі.


Транзит тиімділігі

Жетісу өңірінің транзиттік мүмкіндігі де мол. Сондықтан бүгінде аймаққа халықаралық көлік-логистикалық компанияларды тарту да маңызды саналып отыр. Тиісінше, өңірдегі Достық станциясында жылына тоғыз миллион тонна жүк және 300 мың контейнер қабылдайтын, әрі жөнелтуге қабілетті терминал салу жоспарланған. Сонымен қатар, Hubei Kelison индустриялық паркін салу жөнінде қытайлықтармен бірлескен жобаны жүзеге асыруға қатысты мәселелерді шешу жұмыстары жүргізіледі.



Тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы

Жетісу облысында тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы инфрақұрылымын жаңғырту мәселесі де жандана түспек. Қазір өңір халқының 90 пайызы орталықтандырылған ауызсумен қамтамасыз етілгенімен,су құбыры желілерінің басым бөлігі әбден ескірген. Қысқасын айтқанда 1200 шақырым құбыр желісін күрделі жөндеуден өткізу қажет. Сондықтан өңірдегі құбыр желілерін кезең-кезеңімен жаңарту әкімдіктің басты міндеттерінің бірі.

Тағы бір маңызды мәселе – ауызсудың сапасы. Мысалы, Текелі қаласының тұрғындары таза ауызсусыз отыр екен. Тиісінше, облыс және қала әкімдеріне бұл мәселені де ұзаққа созбай шешу тапсырылған. Ол үшін Үкімет республика бюджетінен қаржы бөлуі тиіс.

Ал, табиғи газды облыс тұрғындарының 10 пайызы ғана қолдана алады. Сондықтан «Алматы – Талдықорған» магистралды газ құбыры салынып, облыс орталығына толықтай газ берілді. Одан бөлек, 2025 жылға дейін Кербұлақ ауданынан Талдықорған қаласына дейінгі барлық ауылға газ беру және «Талдықорған – Үшарал» бағытында газ құбырын тарту жоспарланған. Осылайша 180 мың адам өмір сүретін Ақсу, Сарқан және Алакөл аудандарына көгілдір отын жеткізілмек.

Сонымен бірге, облыстағы жол мәселесіне де ерекше назар аударылып отыр. Тиісінше, «Талдықорған – Қалбатау – Өскемен» және «Үшарал – Достық» тас жолдарының құрылысы жүргізілуде. Жол салу жұмыстары қатаң бақылауға алынған және келер жылы толықтай аяқтау жүктелген. Оған қоса, Үкімет пен әкімдік Кербұлақ және Панфилов аудандары арқылы өтетін республикалық жолды жөндеу мәселесін де жуырда шешетін болады.



Алдағы 3 жылда қандай жұмыстар атқарылады?

Осы орайда, бірнеше күн бұрын өңірдің 2025 жылға дейінгі даму жоспары бекітілгенін де атап өту қажет. Жоспар «Азаматтардың игілігі», «Өмір сүруге қолайлы әрі қауіпсіз аймақ», «Қуатты экономика» атты негізгі үш бөлімнен құралған. Мұнда жалпыұлттық басымдықтар, міндеттер мен он ұлттық жоба іс-шаралары қамтылған. Тиісінше 2025 жылға қарай жалпы өңірлік өнім көлемі 1,7 трлн. теңгеден асады деп болжанып отыр. Ол үшін өңдеу өнеркәсібі бағытында отыз жедел және инвестициялық жоба, «Қорғас – Шығыс қақпасы» АЭА аумағында 24 жоба іске асрылмақ. Ал, кәсіпкерлікті дамыту бағытында 200-ден астам жоба қолға алынады. 1,2 млн. шаршы метр тұрғынүй салынып, 827,6 шақырым инженерлік инфрақұрылым желілері жүргізіледі. 15 дәрігерлік амбулатория, 39 фельдшерлік-акушерлік және 5 медициналық пункт салынып, алғашқы медициналық көмек құралдарымен қамту көрсеткіші жүз пайызға жеткізіледі. Одан бөлек, 25 мектеп бой көтеріліп, тұрғындардың барлығы орталық су жүйесімен қамтылады. Сәйкесінше, өңір экономикасы ілгерілеп, халықтың өмір сүру деңгейі де көтеріле түспек.

ERNUR.KZ