Жетісу облысындағы 358 елдімекеннің 192-сі газдандыру санатына кіреді екен.
Бірнеше жылдан бері ел тұрғындарының кпөшілігі табиғи газға қол жеткізіп, күнделікті тіршіліктерін жеңілдетіп жатыр. Бұл бағыттағы жұмыстар бүгінгі таңда да қарқынын бәсеңдетпей, жүздеген елдімекенге көгілдір отын тартылуда. Сәйкесінше, табиғи газ бір жағынан азаматтардың тұрмыс-тіршілігін оңтайландыруға ықпал етсе, екінші жағынан қоршаған ортаны таза ұстауға септігін тигізуде. Осы ретте, биыл жаңадан құрылған Жетісу облысында отыз елдімекенге көгілдір отын қосу жоспары қолға алынды. Ал, бұған дейін өңірдегі отыз бір ауылға табиғи газ беріліп, облыс халқының 45 пайыздан астамы бұл істің игілігін көрген. Жалпы, Жетісу облысындағы 358 елдімекеннің 192-сі газдандыру санатына кіреді екен.
Облыс әкімдігінің ресми ақпаратына сүйенсек, өткен жылы 23 миллиард теңгеге жуық қаржыға жиырма екі жоба жүзеге асырылып, мың шақырымнан аса табиғи газ желісі тартылған. Ал, биыл өңір аумағындағы жиырма екі елдімекенге көгілдір отын жеткізу жұмыстары басталған болатын. Осылайша, аталған жоспар толықтай іске асса, 27 мыңнан астам жетісулық қуанышқа кенелмек. Одан бөлек, биыл өңірдегі сегіз бірдей өтпелі жоба жалғасын тауып, тиісті жұмыстар атқарылып жатыр. Ресми ақпарат бойынша өңірді толықтай газдандыру жұмыстары 2030 жылы мәресіне жетпек.
Мәселен, жыл бастала сала Талдықорған қаласындағы Ынтымақ тұрғынүй алабының тұрғындары қуанышқа кенеліп, екі жарым мыңға жуық адам көгілдір отынға қол жеткізді. Аталған жұмыстар үшін мемлекет бюджетінен 1,4 миллиард теңге жұмсалып, 110 шақырымнан аса газ құбыры жүргізілген. Ал, бұған дейін ел Президентінің өңірге жасаған сапары аясында шаһарды толықтай табиғи газбен қамту туралы тапсырмасына сәйкес, «Үйтас» саяжайы мен «Жастар-2» елдімекеніне газ тартылған болатын. Қала басшысының айтуынша, тағы сегіз саяжайға гар тартылады екен. Осылайша, Талдықорғандағы көгілдір отын тұтына алатын адамдардың үлесі тоқсан пайызға жеткен.
Ал, ақпан айында өңірге қарасты Алдабергенов елдімекеніне газ желісін тарту жұмыстары аяқталып, тұрғындар тағы бір игілікке қол жеткізген. 4000-нан астам адам тұратын ауылға ұзындығы 107 шақырым желі тартылған. Жалпы, аталған ауыл құрамына енетін Ескелді ауданында отыз үш ауыл болса, соның жиырма бірі газдандыру санатына кіреді. Биылға дейін аудандағы бес ауылға табиғи газ тартылып, 6 мыңнан аса абонент желіге қосылған. Дегенмен, биыл он бір елдімекенде газдандыру жұмыстары бастау алған. Оларды желіге қосу жылдың соңына дейн атқарылмақ. Жалпы, келер жылы 21 елдімекеннің қырық мыңнан астам халқы табиғи газ тұтынады деп жоспарланған.
Наруыз мерекесі қарсаңында тағы он жеті мың жетісулық көгілдір отын тұтына бастады. Олардың басым бөлігі М.Байысов және Бақтыбай ауылының азаматтары болса, біршамасы Үштөбе қаласында тұратын адамдар.
Облыс әкімдігінің және жауапты басқарманың мәліметінше, екі ауылға 110 шақырым газ желісі тартылып, бұл жұмыстар үшін 1,4 миллиард теңге жұмсалған. Одан бөлек, өңірге қарасты он ауылға көгілдір отын жеткізу жұмыстары атқарылып, көп ұзамай тұрғындар игілігіне газ берілмек.
Сондай-ақ, тұрғынының қырық пайыз газ тұтынып отырған Үштөбе елдімекенінде 2022 жылдан бастап құны жеті миллиард теңгені құрайтын газ тарату желісі салынып, биыл күзде қолданысқа берілмек. Жұмыстардың тоқсан пайызға жуығы орындалып қойған. 2024 жылдың аяғына дейін тағы он ауыл бірте-бірте газ тұтыну мүмкіндігіне ие болады екен.
Жоғарыда өңірдегі отыз елдімекенге газ тартылып жатқанын айтқан едік. Яғни биыл жалпы саны отыз ауылға көгілдір отын берілмек. Бұл тұрғыда 656 шақырым желі жүргізіліп, 37 мыңнан астам адам газ тұтыну мүмкіндігін алса, екінші жартыжылдықта «Талдықорған – Үшарал» газ трассасының құрылысы басталып, алпыс алты ауылда тұратын 124000 адамның мерейі артпақ. Аталған жобаның құны жүз миллиард теңгеден асып жығылады.
Текелі қаласында да ұзақ жылдар бойы шешімін таппаған табиғи газ мәселесі биыл шешілмек. Қазірг уақытқа дейін Текеліні газдандыру жұмысының сексен пайызы орындалыпты. Бұл жұмыстарды «Алия Сервис» ЖШС атты мекеме жүргізіп жатыр. Тартылатын желі ұзындығы 200 шақырымға жуықтайды. Бүгінде қаладағы кпөқабатты 190 үйдің 176-сы жүргізілген желіге қосылған. Толықтай газдандыру қараша айына жоспарланып отыр. Соның арқасында тек тұрғындар ғана емес, өңірдегі энергия өндіретін, тау кен ісімен айналысатын, марганец өндіретін ірі кәсіпорындар да көгілдір отынның игілігін көретін болады.
Облыс әкімдігінің күні кеше жариялаған ақпаратына сүйенсек, биыл отыз елдімекенді газдандыру үшін 433 шақырым газ желісі жүргізіледі. Одан бөлек, құны 26 миллиард теңгеге жуықтайтын қырықтан астам жобаның құжаттары әзірленіп жатыр екен. Қазіргі уақытта өңірді газбен қамтамасыз ету көрсеткіші 46 пайызды құрап отыр.
Сонымен бірге, облыс әкімдігі жоғарыда аталған «Талдықорған – Үшарал» магистральды желісінің құнын да жария етіп, 131,7 миллиард теңгені құрайтынын мәлім етті. Ауқымды жоба шеңберінде 300 шақырымнан аса құбыр тартылып, алты бірдей газ тарату желісі орнатылатын болады. Биылғы жылдың екінші жартыжылдығында баста алатын оба 4 жылдан кейін аяқталады деп көзделген.
Бауыржан ЕРМАН,