Қаскелеңдегі қайғылы оқиға жайлы әлеуметтік желілерден белгілі болды.
Фото: Zakon.kz
Қаскелеңдегі қайғылы оқиға жайлы әлеуметтік желілерден белгілі болды: ер адам өлі күйінде табылған. Оның жақындары жігіттің қасақана өлтірілгенін айтып, тергеу барысына наразылығын білдірді.
"Біз әділдікті талап етеміз! Кінәлілер лайықты жазаға тартылуы керек", — деді қайғыдан қан жұтып отырған туыстарының бірі.
Олардың пікірінше, полиция істің анық-қанығын білу үшін тиісті шаралар қабылдап отырған жоқ.
Алматы облысының прокуратурасы кісі өлтіру фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталғанын (ҚК 99-бабы), тергеуді Қарасай ауданының прокуратурасы қадағалайтынын хабарлады.
"Күдікті адам ұсталды және уақытша ұстау изоляторына қамалды. Біз қайтыс болған адамның отбасы мен жақындарына көңіл айтамыз", – делінген қадағалау органының ақпаратында.
Өңірдің ПД мәліметінше, 16 қазанда Қарасай ауданы Шалқар ауылының шетінде 10 қазанда хабар-ошарсыз кеткен 26 жастағы ер адамның денесі зорлық-зомбылық өлім белгілерімен табылды.
"Кісі өлтіру фактісі бойынша полиция қылмыстық іс қозғады. Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында полицейлер 22 жастағы күдіктіні көп ұзамай ұстап, қамауға алды",- деді полиция.
Тергеу облыстық полиция департаменті басшылығының бақылауында.