Адвокат сотта Челахтың шағымын қолдайтынын айтып, соттан Челахқа құқығы бұзылғаны үшін өтемақы ретінде 30 миллион теңге төлеуді сұрады.
ERNUR.KZ. Қазақстан жоғарғы соты қаңтардың 22-сі күні 2012 жылы өмірлік түрме жазасына кесілген 26 жастағы Владислав Челахтың ісін кассациялық инстанцияда қарап, оның сот үкімін өзгерту туралы шағымын қанағаттандырудан бас тартты. Алматы облысындағы "Арқанкерген" шекара бекетінде өлген 15 адамның өліміне "кінәлі" деп танылған Челах 2012 жылдан бері түрмеде отыр. Кассациялық шағымды жоғарғы сот төрағасы Абай Рахметулин мен судьялар Лариса Шейпелева және Айдын Нұрбекок қарады. Сотқа Владислав Челахтың өзін әкелген жоқ, орнына адвокаты Гүлмира Шалдықова қатысты.
Жоғарғы сотқа берген өтінішінде Владислав Челах соттан БҰҰ-ның Адам құқығы жөніндегі комитетінің шешімін орындап, үкімнің күшін жоюды, қылмыстық істі қайта тергеуге жіберуді сұраған. Бұған қоса, қылмыстық қудалау органдарын іс материалдарынан сотталушының құқығын бұзатын барлық құжаттарды алып тастауға міндеттеуді өтінген.
Адвокат сотта Челахтың шағымын қолдайтынын айтып, соттан Челахқа құқығы бұзылғаны үшін өтемақы ретінде 30 миллион теңге төлеуді сұрады.
Сотқа қатысқан прокурор Марат Нұрмұхамедов Челахқа шығарылған алғашқы сот үкімі "заңды екенін", сотталушының кінәсі алғашқы сот инстанциясында "жеткілікті айғақтармен дәлелденгенін" мәлімдеді. Ол Челах шағымында өзінің кінәсіз екеніне дәлел келтіре алмағанын, ал БҰҰ комитетінің шешімі істі қайта қарауға негіз бола алмайтынын айтып, жоғарғы соттан Челахтың үкімін өзгеріссіз қалдыруды ұсынды.
2017 жылы қараша айында БҰҰ-ның Адам құқығы жөніндегі комитеті Қазақстанның Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактінің 14-бабын бұзып, Челахты өз ісін "әділ және бейтарап сотта қарау құқығынан айырды" деген ұйғарым шығарған. Комитетке шағымды Адам құқықтары жөніндегі қазақстандық бюро мен оның адвокаты Серік Сәрсенов (ол 2018 жылы наурыз айында қайтыс болған) дайындаған.
2012 жылы 30 мамырда Алматы облысындағы "Арқанкерген" шекара бекетінің өртенген орнынан 14 шекарашы мен бір қорықшының мәйіті табылған. Тірі қалған жалғыз шекарашы Владислав Челахтың үстінен қылмыстық іс қозғалып, 2012 жылғы желтоқсанда сот оны өмір бойы бас бостандығынан айырған.
Челахқа Қылмыстық кодекстің "Екі және одан көп адамды өлтіру", "Жеке заттарды ұрлау", "Құпия құжаттарды ұрлау", "Қару ұрлау" және "Заңсыз қару ұстап жүру" тәрізді барлығы тоғыз бап бойынша айыптар тағылған.
Қазақстан Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактінің факультативті хаттамаларына 2009 жылы қосылған.
Дереккөз: Азаттық радиосы