Жоғары білімге арналған процентсіз кредиттер қалай рәсімделеді

0
683

Жақында ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек жылдың соңында процентсіз кредиттердің берілетінін айтты.


Жоғары білімге арналған процентсіз кредиттер қалай рәсімделеді

ERNUR.KZ. Қазақстанда биылдан бастап жоғары білім алу үшін процентсіз кредиттер беріледі. Қазіргі кезде министрлікке қарасты қаржы орталығы екінші деңгейлі банктермен осы мәселені пысықтауға кірісті. Ал мемлекеттік білім кредитін рәсімдеу ережесі дайын тұр, деп жазады sputnik.kz.

Кредиттер барлығына берілмейді

Жақында ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек жылдың соңында процентсіз кредиттердің берілетінін айтты. Сол кезде көбісі оны ақылы негізде оқып жатқан студенттер де алады деп ойлады. Бірақ бұл бастама тек сараланған грант иегерлеріне арналып отыр. Ондай гранттар биыл пилоттық жоба аясында қолға алынады.
Сараланған гранттар ұлттық бірыңғай тестілеудің нәтижесі бойынша жоғары балл жинаған, бірақ грантқа ие болмаған талапкерлерге конкурстық негізде беріледі. 300 грант екі бағытқа бөлініп отыр. Олар:
6B01 Педагогика ғылымдары – 150 грант;
6В03 Әлеуметтік ғылымдар, журналистика және ақпарат – 150 грант;
Сараланған грант конкурсына қатысу үшін қосымша құжат тапсырудың қажеті жоқ. ҰБТ-ның нәтижесі бойынша балл саны жағынан грант алғандардан кейін тұрған талапкерлер сараланған грантқа ие болады.
Әзірше сараланған грант бойынша оқудың төлемақысы 50/50 болып белгіленіп отыр. Бұл дегеніміз, жартысы бюджеттің есебінен өтелсе, қалғанын студенттің өзі төлейді. Сараланған грант иегерлеріне толық көлемде стипендия да төленеді. Ал оқу ақысының жартысын төлей алмаса, процентсіз кредит рәсімдеуге мүмкіндік беріледі.

Процентсіз кредиттің мерзімі

Биыл сәуір айында мемлекеттік білім беру кредитінің қағидалары бекітілген болатын. Оған сәйкес, процентсіз кредит он жылға беріледі. Ал бірнеше санатқа кіретін студенттер 15 жылға рәсімдей алады. Олар:
жетім балалар;
көпбалалы отбасыдан шыққандар;
мүгедектігі бар балалар;
табысы төмен отбасыдан шыққан балалар;
Бұдан бөлек, процентсіз кредит алатын адамға бірнеше талапқа сай болуы керек.
жоғары білімге ішінара ақы төлеуді көздейтін (сараланған) грант иегері болу;
бір кепілгердің болуы (жетім балаларға тарамайды);
білім беру жинақтау салымы туралы тіркелген шарты немесе білім беру қызметтерінің жалпы құнының кемінде 10 пайыз мөлшерінде жиынтық жинақтары бар білім беру жинақтау сақтандыру шартының болуы;

Кредитті рәсімдеу тәртібі

Алдымен мемлекеттік білім беру кредитіне өтініш қабылдау туралы хабарлама жарияланады. Одан кейін 30 күннің ішінде электронды форматта немесе қағаз жүзінде құжат тапсыру керек.
1) үміткердің жеке басын куәландыратын құжат;
2) үміткер және ЖЖОКБҰ арасында жасалған білім беру қызметтерін көрсету туралы шарт;
3) үміткердің оның дербес деректерін жинауға және өңдеуге келісімі;
4) үміткердің мәліметтерді кредиттік бюроларға ұсыну келісімі;
5) үміткердің операторға кредиттік есеп беруге келісімі;
6) мемлекеттік білім беруді кредиттеу шеңберінде (кәмелетке толмаған үміткерлер үшін) үміткердің кредиттік шартқа және (немесе) онымен байланысты шарттарға қол қоюына заңды өкілдердің нотариат куәландырған келісімі;
7) кепілгердің жеке басын куәландыратын құжат (кепілгер болған жағдайда);
8) кепілгердің (кепілгерлердің) дербес деректерін жинауға және өңдеуге келісімі (кепілгер (кепілгерлер) болған кезде);
9) кепілгердің (кепілгерлердің) Оператордың ол туралы мәліметтерді кредиттік бюроларға беруіне келісімі;
10) кепілгердің (кепілгерлердің) Операторға кредиттік есепті беруге келісімі (кепілгер (кепілгерлер) болған кезде);
11) жұмыс берушінің атауы мен деректемелерін және кепілгердің (кепілгерлердің) лауазымын көрсете отырып, кепілгердің (кепілгерлердің) жұмыс орнынан анықтама (кепілгер (кепілгерлер) болған кезде);
12) Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген жағдайларды қоспағанда, соңғы 6 айдағы зейнетақы аударымдары туралы анықтама немесе кепілгердің жеке зейнетақы шотынан үзінді көшірмесі;
Өтініш 15 жұмыс күні ішінде қаралады және үміткерге жауап жіберіледі. Қажетті құжаттар жетпей жатса, үміткерге тағы бес күн беріледі.

Ақша қалай аударылады

Үміткердің өтініші мақұлданса, бес күннің ішінде кредиттік шарт рәсімделеді. Ал ақша тікелей білім беру жинақтау салымына немесе шартта көрсетілген есепшоттқа аударылады. Қарыз алушы келесі айдан бастап процентсіз кредиттің төлемдерін жасайды. Әлеуметтік осал топтарға кіретін студенттер ақша аударылғаннан кейін алты айдан кешіктірмей бастаса болады.
"Қарыз алушының оқуы мерзімінен бұрын тоқтатылған кезде, оны оқытуға жұмсалған соманың қайтаруы, қарыз алушының ауруына байланысты не оның жоғары білімнің төлемін толығымен жабатын білім беру гранты бойынша оқуға ауысқан жағдайларын қоспағанда, қарыз алушы оқуы мерзімінен бұрын тоқтатылған күннен бастап он екі ай ішінде жүзеге асырылады, олар басталған кезде, оқуға жұмсалған соманың қайтаруы мемлекеттік білім беру кредитін өтеу кестесіне сәйкес жүзеге асырылады", - делінген ережеде.

Қарыз алушы қайтыс болған не ол қайтыс болды деп жарияланған жағдайда мемлекеттік білім беру кредиттері бойынша талаптар тоқтатылады. Мерзімді әскери қызметке шақырылған жағдайда мемлекеттік білім беру кредитін өтеу мерзімді әскери қызмет өткеру кезеңіне, бірақ екі жылдан аспайтын мерзімге тоқтатыла тұрады. Бірақ ол үшін өтініш жазу керек. Академиялық демалыс та кредит төлеуді уақытша тоқтатуға негіз бола алады.