"Жуас отбасы болды": Атыраудағы қылмысқа қатысты жаңа деректер шықты

0
117

​Атыраудағы қанды қылмысқа байланысты жаңа мәліметтер әлеуметтік желіде жарияланып жатыр.


ERNUR.KZ. Атыраудағы қанды қылмысқа байланысты жаңа мәліметтер әлеуметтік желіде жарияланып жатыр. Жергілікті журналист Жанат Жақсылыққызы өзінің парақшасында күдікті деп аталған Сұлтан мен Ақбаян тұрған үйдің бұрынғы көршісімен жазысқан хат алмасуын жариялады, деп жазады baq.kz.

Келіншектің айтуынша, ол 2023 жылы аталған үйдің жанында пәтер жалдап тұрған. Оның сөзінше, көрші болып тұрған отбасы сырт көзге қарапайым, жас отбасы сияқты көрінген.

Жазбада келтірілген мәліметке сәйкес, келіншек Сұлтан мен Ақбаянды «өте жас отбасы» деп сипаттаған. Оның айтуынша, Ақбаян үйді таза ұстап, кейде көршілеріне бауырсақ пен пирожки пісіріп әкеліп беретін болған. Сонымен қатар, олар бір-бірімен жақсы араласқанын жеткізген.

Куәгердің айтуынша, Ақбаянның анасы да кейде келіп, балаларын қарап, көмектесіп жүрген. Ал Сұлтан көршілердің айтуынша, тыныш мінезді, жас жігіт болып көрінген.

Келіншек сондай-ақ, күйеуі түнгі ауысыммен жұмыс істеген кезде балаларын Сұлтанға қарап тұруды тапсырғанын да айтқан. Оның сөзінше, ол кезде ешқандай күдік тудырмайтын, қарапайым көрші ретінде қабылданған.

Жолдасым түнгі кезекшілікке кеткенде, екі кішкентай баламмен үйде қалатынмын. Сол кезде жолдасым Сұлтанға қарап қоюды айтып кететін еді, - дейді ол жазбада.

Сонымен қатар, куәгер бұл отбасының 2023 жылы қыста көшіп келгенін, ал өзі сол жылдың жазында басқа жерге көшіп кеткенін айтқан.

Желіде тараған осы хат алмасудан кейін оқиғаға қатысты түрлі пікірлер айтылуда. Алайда бұл мәліметтер әзірге ресми органдар тарапынан расталған жоқ.

Қазіргі уақытта Атырауда болған қанды оқиға бойынша құқық қорғау органдары тергеу жүргізіп жатыр. Тергеу нәтижесінде күдіктілердің әрекеті мен оқиғаның барлық мән-жайы анықталмақ.

Еске салайық, 5 қаңтарда Атырау облысындағы Жангелдин ауылынан ерлі-зайыпты мен олардың екі ересек баласы бар отбасының хабар-ошарсыз кеткені белгілі болған еді.

Ал 6 қаңтарда жантүршігерлік дерек белгілі болды. Үйдің жанындағы қорадан ерлі-зайыптылардың мәйіті табылған.

Кейін құқықтық статистика және арнайы есепке алу органдарының порталында күдікті ретінде марқұм зейнеткерлердің күйеу баласы Сұлтан Сәрсемалиевтің аты-жөні көрсетілген жазба жарияланды. Ол жұбайымен бірге халықаралық іздеуге алынды.