​Жұмыссыз жүрген алматылықтар жаңа кәсіптерге тегін оқытылады

0
1 186

Жұмыспен қамту орталығы 30-дан кем емес оқу орталықтарымен жұмыс істемек, олардың жартысы жекеменшік, ал жартысы – мемлекеттік болады.


​Жұмыссыз жүрген алматылықтар жаңа кәсіптерге тегін оқытылады

ERNUR.KZ. 2 мыңнан аса алматылық қаланың ірі компаниялары мен оқу орталықтарында тегін оқытылады. Бұл туралы Алматы қаласының Халықты жұмыспен қамту орталығы хабарлады, деп жазады BAQ.KZ.

Жұмыссыздар, өзін өзі жұмыспен қамтушылар, сонымен бірге 16 мен 29 жас аралығындағы жастар 2019 жылғы ақпан айынан бастап «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017 – 2021 жылдарға арналған бағдарламасы аясында қысқа мерзімді курстарда оқиды.
«Осы жылы біз оқу орталықтары мен мамандықтар таңдауда толықтай жаңа тәсілдер қолданатын боламыз. Нарықтағы ең үздік жеткізушілермен жұмыс істеуді жоспарлап отырмыз. Қазіргі кезде оқу орталықтары қатаң таңдау сатысынан өтіп жатыр. Айта кету керек, оларда тәлімгерлікпен қоса заманауи материалдық-техникалық базасы және курсқа қатысушыларды жұмысқа орналастыра алатындай жағдайда болуы керек», - деді Алматы қаласының Халықты жұмыспен қамту орталығы директорының орынбасары Дәуірбек Абуов.

Жұмыспен қамту орталығы 30-дан кем емес оқу орталықтарымен жұмыс істемек, олардың жартысы жекеменшік, ал жартысы – мемлекеттік болады.

«Біз өңірлердің ерекшеліктерін ескеріп, ең қажетті мамандықтарды таңдай отырып, олардың тізімін арттырдық. Егер өткен жылы тізімде 32 кәсіп болса, биыл 48-ге көбейіп отыр. Ең қажетті мамандықтардың үштігіне кіретіндер - автобус жүргізушісі, есепші және аспазшы. Толық жаңа бағыттардың бестігіне веб-дизайнер, туризм жөніндегі менеджер, бармен, бариста мен гүл өсіруші жатады. Оқыту мамандықтар мен оқу орталықтарына байланысты 1 айдан 6 айға дейін өтеді. Бұл ретте, бағдарламаның қатысушылары 16,7 мың теңге көлемінде шәкіртақы алады.

Бұдан басқа, курсты аяқтағаннан кейін, әрбір оқу орталығы өз студенттерін жұмысқа орналастыруға міндеттеледі», - дейді Абуов.

Ең қажетті мамандықтарға кеңейтілген квота бар екен. Мысалы, автобус жүргізушісіне 300 орын, ал тас қалаушыға – 40 орын бар.

«Біз «BI-Group» құрылыс компаниясына жұмысшылар дайындайтын, BI University корпоративтік университетімен серіктестік жасауды жоспарлап отырмыз. Серіктес Алматы қаласының Жұмыспен қамту орталығы үшін қысқа мерзімді курстар аясында бетоншы, тас қалаушы мен қалыпшы дайындайтын болады. Сонымен бірге, біз «Knauf-Гипс Қапшағай» ресурстық орталығымен жұмыс істейтін, Алматы құрылыс-техникалық колледжімен бірге жұмыс істеуге ниеттіміз. Knauf-Гипс Қапшағай – бұл әлемдегі ең ірі құрылыс материалдарын өндіруші халықаралық компания. Олар бізге сырлаушылар мен сылақшыларды дайындайды. Жалпы алғанда, біз өндірісте мамандардың жоғары деңгейін алуға және жұмыс берушілердің қажеттіліктерін қанағаттандыруға ниеттіміз», - деді Д. Абуов.