Ал алты ай ішінде жалпы 2,3 млн-нан астам адам онкологиялық скринингтен өтті.
ERNUR.KZ. Онкологиялық ауру ерте кезеңде ұзақ уақыт бойы айқын белгілерсіз өтуі мүмкін. Сондықтан денсаулық жағдайының нашарлауын күтпей, скринингтен уақытылы өту маңызды. 2026 жылдың алғашқы алты айында мұндай тексеруден 2,3 млн-нан астам қазақстандық өтті, деп хабарлайды ҚР Денсаулық сақтау министрлігі.
Қазақстанда нысаналы топтардың арасында сүт безі обырын, жатыр мойны обырын және колоректалдық обырды ерте анықтауға бағытталған онкологиялық скринингтің үш түрі тегін жүргізіледі.
2026 жылдың бірінші жартыжылдығында 2 362 568 адам тексеруден өтті.
Скрининг нәтижелері бойынша:
- сүт безі обырының 1 238 жағдайы;
- колоректалдық обырдың 372 жағдайы;
- жатыр мойны обырының 227 жағдайы расталды.
Егер скрининг барысында адамнан күмәнді өзгерістер анықталса, бұл оның обырға шалдыққанын білдірмейді. Пациент қосымша диагностикалық тексеруге жіберіледі. Тек толық тексеруден кейін ғана дәрігерлер аурудың бар-жоғын растайды немесе жоққа шығарады.
Тұрақты тексерулер қауіпті өзгерістерді ерте кезеңде анықтауға мүмкіндік береді. 2021–2025 жылдары Қазақстанда III–IV сатыда анықталған онкологиялық аурулардың үлесі 34,9%-дан 32%-ға дейін төмендеді.
Соңғы бес жылдың ішінде елімізде 14 млн-нан астам адам онкологиялық скринингтен өтті, ал халықты жыл сайын қамту көрсеткіші 13,5%-ға артты.
Пациент үшін басты қағида қарапайым: профилактикалық тексерулерді кейінге қалдырмай, белгіленген мерзімде скринингтен өту қажет. Адам өзін жақсы сезінгеннің өзінде, ерте диагностика ауруды дер кезінде анықтап, қажетті емді неғұрлым тез бастауға мүмкіндік береді.


