Жыл басынан бері 300 астам адам өрттен құтқарылды

0
196

Өрт кезінде 313 адам құтқарылса, 52 адам қаза тапты, оның алтауы бала.


Жыл басынан бері 300 астам адам өрттен құтқарылды

ERNUR.KZ. Төтенше жағдайлар министрлігі өрттің алдын алу жұмысын тұрақты жүргізеді. Бүгінгі таңдағы маңызды бағыттардың бірі – жылу беру кезеңінің қауіпсіз өтуі. Қысқы уақытта жылыту жүйелері белсенді қолданылған кезде өрт қаупі артады. Өрттің басты себептері – пештің ақаулығы, электрмен жылу құралдарын, қазандықтарды және басқа да жылыту құралдарын дұрыс пайдаланбау, сондай-ақ электр желі жүктемесінің шамадан тыс болуы. Бұл туралы ҚР ТЖМ Өртке қарсы қызмет комитеті төрағасының міндетін атқарушы Ерлан Төрегелдиев ОКҚ алаңында хабарлады.

Спикер өз баяндамасында статистикалық мәліметтерге тоқталып өтті. Мәселен, жыл басынан бері тұрғын үй секторында 1138 өрт шықты. Өрт кезінде 313 адам құтқарылса, 52 адам қаза тапты, оның алтауы бала. Барлығы 50 адам жарақат алды, оның сегізі бала.

«Өрт кезінде топтық адам өлімі жалғасуда. Мысал келтіретін болсақ, 22 қаңтарда Солтүстік Қазақстан облысы Шал ақын ауданы Ступинка ауылында жеке тұрғын үйдегі өрт кезінде ер адам мен оның төрт баласы қаза тапты. Өрттің себебі электр құралдарының қысқа тұйықталуынан болды. 2 қаңтарда Жетісу облысының Текелі қаласында тұрғын үйде пешті дұрыс орнатпау себебінен өрт шығып, 3 адам қаза тапты», – деді спикер.

Ведомство өкілінің мәлімдеуінше, өрт шықпай, газдан улану жағдайлары да орын алып жатыр. Жыл басынан бері қатты отынмен жанатын пештерді дұрыс қолданбау себебінен газдан уланып, 12 адам қаза тапты, оның екеуі бала, 52 адам жарақат алды. Соңғы қайғылы оқиғалардың бірі Шығыс Қазақстан облысының Алтай қаласында болды. Мұржа жаппасын жабық қалдыру салдарынан ер адам мен әйел газдан уланып, қаза тапты.