Жылқы шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының құрылысы 2026 жылы аяқталады

0
116

Құрылыс 2026 жылғы мамыр айында аяқталып, пайдалануға беріледі деп күтілуде.


Жылқы шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының құрылысы 2026 жылы аяқталады

ERNUR.KZ. Ақтөбе облысында ұлттық мал шаруашылығын дамытуға және қазақтың жылқы шаруашылығы дәстүрін сақтауға бағытталған жоба аясында «Қазақ жылқы шаруашылығы және жемшөп өндіру ғылыми-зерттеу институты» ғимаратының құрылысы жүргізіліп жатыр, деп хабарлайды ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі.

«Қазақ ғылыми-зерттеу жылқы шаруашылығы институты өткен жылы Мемлекет басшысының тапсырмасымен ашылды. Бір жылдан аз уақыт ішінде бұрынғы тәжірибе стансасы ғылыми-зерттеу мекемесіне айналды. Қазіргі уақытта заманауи ғимараттың құрылысы жүргізілуде, оның құрамында асыл тұқымды жылқыларды жан-жақты зерделеуге арналған бес зертхана қарастырылған. Институттың негізгі міндеттері – жылқы еті мен қымыз экспортын дамыту, ұлттық спорт түрлерін насихаттау және спорттық жылқы шаруашылығын өркендету. Сондай-ақ отандық шабандоздардың халықаралық жарыстарға қатысуына жағдай жасау жоспарланып отыр», – деді «Қазақ жылқы шаруашылығы және жемшөп өндіру ғылыми-зерттеу институты» акционерлік қоғамының басқарма төрағасы Әлібек Базарғалиев.

Институт құрылымында манеж, ат қоралар, ветеринариялық пункт, зертханалар және ипподром қарастырылған. Бұл кешен ғылыми зерттеулер жүргізуге, практикалық жұмыстар атқаруға және жылқы шаруашылығы саласындағы мамандарды даярлауға мүмкіндік береді.

Құрылыс 2026 жылғы мамыр айында аяқталып, пайдалануға беріледі деп күтілуде. Жобаны іске асыру саланың ғылыми негізін нығайтып, асыл тұқымды жұмыстардың сапасын арттыруға және Қазақстанның жылқы шаруашылығын жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік береді.