Зиянды еңбек жағдайлары мен ықтимал қауіптерді болдырмау мақсатында Ахуалдық орталық құрылмақ

0
131

Былтыр жүргізілген зерттеулерге сәйкес, 1 млн 600 мың жұмыскердің ішінен 470 мыңы (30%-ы) зиянды және қауіпті еңбек жағдайларында жұмыс істейді.


Зиянды еңбек жағдайлары мен ықтимал қауіптерді болдырмау мақсатында Ахуалдық орталық құрылмақ

ERNUR.KZ. 2024 жылы аттестаттау нәтижелері бойынша 679 мың жұмыскер зиянды еңбек жағдайларында жұмыс істегені үшін түрлі өтемақы алды. 551 мың жұмыскерге қосымша демалыс берілді, 342 мың жұмыскерге зиянды еңбек жағдайлары үшін қосымша ақы төленді, 427 мың жұмыскер тегін емдік-профилактикалық тамақ алды, 47 мың жұмыскерге қысқартылған жұмыс күні белгіленді. ҚР ЕХӘҚМ Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитеті төрағасының м.а Ерболат Абулхатин ОКҚ алаңында осылай деп мәлімдеді.

Оның хабарлауынша, бұл мақсаттарға жұмыс берушілер 297 млрд теңге бөлді, бұл 2023 жылмен салыстырғанда 17%-ға артық.

«Бүгінде жұмыс берушілердің 62%-ы жұмыскерлерді жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандыру шарттарын жасасқан. Қауіпсіз еңбек жағдайларын жасау және өндірістік жарақаттану деңгейін төмендету Үкіметтің негізгі міндеттерінің бірі болып табылады. Қабылданған шаралардың нәтижесінде соңғы 5 жылда өндірісте зардап шеккендердің саны 6,3% - ға (1503-тен 1408 адамға дейін) төмендеді, қаза тапқандар саны 3% - ға азайды», – деді спикер.

2025 жылдың 3 айында кәсіпорындарда 293 адам зардап шекті немесе 2024 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 17%-ға азайған, оның ішінде 40 адам қаза тапты немесе өткен жылдың бірінші тоқсанымен салыстырғанда 2 адамға кем. Жарақаттанудың жоғары деңгейі Қарағанды (31 адам зардап шекті), Қостанай (27 адам) Шығыс Қазақстан (24 адам), Ақтөбе, Атырау облыстарында және Алматы қаласында сақталуда.

Экономика салалары бойынша ең көп зардап шеккендер тау-кен, металлургия өнеркәсібінде (16%-ға жуығы) және құрылыс саласында тіркелген. Құқық қорғау органдарына жазатайым оқиғалар бойынша 226 материал жіберілді, олар бойынша 36 қылмыстық іс қозғалды.

«Бұзушылықтардың алдын алу және болдырмау мақсатында еліміздің 3262 кәсіпорындары Еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау стандарттарын енгізді. 2019 жылдан бастап «нөлдік жарақат – Vision Zero» тұжырымдамасын ілгерілету бойынша жұмыстар белсенді жүргізілуде. Бүгінгі таңда оған 605 кәсіпорын қосылды. Қазіргі таңда 2030 жылға дейінгі қауіпсіз еңбек тұжырымдамасы іске асырылады. Ол еңбек жағдайларын жақсартуды және өндірістік жарақаттану мен кәсіптік аурулар деңгейін төмендетуді, еңбекті қорғау жөніндегі шараларды қаржыландыруда жаңа тәсілдерді қолдану, жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандыру жүйесіне қызметкерлердің қатысуын жандандыру есебінен көздейді», – деді ведомство өкілі.

Өндірістік қауіпсіздік саласындағы зиянды еңбек жағдайлары мен ықтимал қауіптерді болдырмау мақсатында Ахуалдық орталық құру жұмыстары жүргізілуде. Бұл орталыққа қауіпті өндірістік объектілерде енгізілген апаттар мен жазатайым оқиғалар тәуекелдерін талдаудың болжамдық жүйелері қосылатын болады.

Ахуалдық орталық жұмыскерлердің өндірістік объектідегі еңбек жағдайларының қауіпсіздігіне онлайн-режимде мониторинг жүргізуге, уақытылы ден қоюға және шаралар қабылдауға мүмкіндік береді. Сонымен бірге, ағымдағы жылы Халықаралық еңбек ұйымы мен Еңбек министрлігі бірлесіп, Қазақстанның тау-кен өндіру саласында еңбек қауіпсіздігі мен гигиенасын қамтамасыз етуге жәрдемдесуге бағытталған жаңа жобаны іске асыруда.

2024 жылы зиянды еңбек жағдайларында кемінде 7 жыл жұмыс істеген және 55 жасқа толған жұмыскерлерді қолдау мақсатында арнайы әлеуметтік төлем енгізілді. Бұл мүмкіндікті 14 мыңға жуық қазақстандық пайдаланып, осы мақсаттарға шамамен 14,6 млрд теңге жұмсалды.