"Жағдайы өте ауыр": Жамбыл облысында ер адам әйелді ұрып, комаға түсірді

0
174

Оқиғаға байланысты Жамбыл облысының полициясы қылмыстық іс қозғап, тергеу амалдарын жүргізіп жатыр.


фото: Sputnik / Владислав Воднев

ERNUR.KZ. Жамбыл облысының Шу қаласында 50 жастағы Гүлнәр Мазабекованы онымен бірге тұрған ер адам ұрып-соғып, комаға түсірді. Зардап шеккен әйелдің балалары оқиғаға кінәлі адамды жауапқа тартуды талап етіп отыр, деп жазады sputnik.kz.

Гүлнәр Мазабекова осыдан он жыл бұрын бір ер адаммен бірге тұра бастаған. Әйелдің бірінші күйеуі қайтыс болған. Оның төрт баласы бар. Үлкені 16 жаста болса, кенжесі 5 жаста.
Қайғылы оқиға 24 қарашаға қараған түні болған. Диананың айтуынша, оқиға болған күні ол Алматыда оқуда жүрген.
"Кешкі сағат 18:00 шамасында анамның азаматтық некедегі күйеуі маған хабарласты. Бірақ мен телефонды көтермедім. Сөйтсем полиция көкеме хабарласып, анамыздың ауруханада жатқанын айтқан. Біз бірден Шуға қарай жолға шықтық. Жолда анамды ұрған ер адам алдымен: "Мен ұрған жоқпын, өзі бес рет есінен танып құлады" деді. Арада екі сағат өткен соң "Итеріп қалып едім, өзі құлап қалды" деп сөзін өзгертті", – дейді Диана.
Қызының сөзінше, анасы бұған дейін де бірнеше рет таяқ жеген. Отбасы полицияға талай рет хабарласқанымен, мәселе шешілмеген.
"Анамды үнемі ұратын. Қаншама рет полиция шақырттық, бірақ оны қамамайтын. Анам үнемі одан құтылуға тырысатын, алайда ол кетпей қоятын. Бұрын инватаксиде жүргізуші болып жұмыс істеген, қазір көзі мүлдем көрмейтіндіктен жұмыссыз", – дейді Диана.
Оның айтуынша, ер адам айына кемінде бір рет анасына қол көтерген. 23 қарашада әйелді түні бойы ұрған болуы мүмкін.
"Таңғы 07:30 шамасында ер адам көрші жасөспірім балаға сүт әкеп берші деп сұраған", - дейді бойжеткен.
Жасөспірім сүтті ас бөлмеге кіргізгенде еденнен қанды көрген. Бала асүйге кіргенде едендегі қанды байқап, "Гүлнәр тәте қайда" деп сұраған. Алайда ер адам әйелдің ұйықтап жатқанын айтқан.
"Содан әлгі баланы да "Мен сені ешқайда жібермеймін, сен көп нәрсе көріп қойдың" деп ұстап алған. Бірақ бала бір амалын тауып қашып шыққан. Қорыққаннан бір күн бойы ешкімге айтпаған. Кейін бұл туралы туысымыздың баласына, ол біздің апайымызға жеткізген", – дейді Диана.
Осыдан кейін әйелдің туыстары мен балалары үйіне барған. Алайда Гүлнәр ауруханаға жеткізілген.

Диананың айтуынша, анасы соққы алғаннан кейін шамамен бір тәулік бойы жатқан болуы мүмкін.

"Ер адам жедел жәрдемді қашан және қалай шақырғанын білмейміз. Сол күні анам оның үйін әктеп берген. Бұған дейін біз бәріміз ер адамды үйден қуып жіберген болатынбыз. Қысқасы, анамды ұрғаннан кейін ол бір тәулікке жуық үйде көмексіз жатқан", – дейді қызы.

Қазір Гүлнәр Мазабекова ауруханада комада жатыр. Дәрігерлер оның жағдайын өте ауыр деп бағалаған. Қызының айтуынша, әйелдің басынан ауыр затпен соққы алғаны анықталған.

"Анам комада жатыр. Басына зақым келген. Дәрігерлер ауыр затпен ұрғанын айтты. Ер адамды қамауын сұраймыз. Мүгедектігін сылтау етіп, жауапкершіліктен босатпасын. Анам ауруханаға түскен кезде сараптамаға жібермеген, ал ер адамды босатып жіберген", – дейді Диана.

Қызының сөзінше, анасы осы уақытқа дейін бірге тұрған адамын кешіріп, бәрі түзеледі деп үміттенген. Ал отбасы мүшелері ер адамның оларды "бәріңді өлтіріп, үйді өртеп жіберемін" деп қорқытқанын айтады.

Оқиғаға байланысты Жамбыл облысының полиция департаменті қылмыстық іс қозғады.
"Осы оқиғаға байланысты қылмыстық іс қозғалды. Тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр, сондай-ақ сот сараптамалары тағайындалды", – деп хабарлады полиция.
Тергеу барысы облыстық полиция департаментінің бақылауына алынған.