​Ұлттық ертегіден жасанды интеллектке дейін: Қазақстанда балалар контенті қалай дамып келеді?

0
40

Өңірлік медиаларда бағыттас бастамалар пайда болуда


​Ұлттық ертегіден жасанды интеллектке дейін: Қазақстанда балалар контенті қалай дамып келеді?

Жасанды интеллект ұлттық анимацияны дамытуға, қазақ тіліндегі цифрлық өнімдерді көбейтуге және балаларға арналған жаңа жобалар әзірлеуге мүмкіндік беріп отыр. Алайда технологиялық мүмкіндіктердің кеңеюі контент сапасы, мәдени мұраның шынайы бейнеленуі және авторлық құқық мәселелерін де өзекті етуде.

Қазақстанда балалар мен жасөспірімдерге арналған ақпараттық және мәдени кеңістік біртіндеп өзгеріп келеді. Бұған дейін анимациялық фильм немесе танымдық тележоба әзірлеу ұзақ уақыт пен қомақты қаржыны қажет етсе, қазір жасанды интеллект (ЖИ) құралдары өндірістің жекелеген кезеңдерін жеңілдетуге мүмкіндік беріп отыр. Нейрожелілердің көмегімен ертегілерді визуализациялау, кейіпкерлерді жандандыру, шығармаларды анимацияға бейімдеу және жаңа цифрлық өнімдер жасау тәжірибесі қалыптасуда.

Бұл үдеріс Қазақстан үшін тек технологиялық жаңару мәселесі емес. Өйткені балалар тұтынатын контент олардың дүниетанымына, тіліне, мәдени талғамына және ақпаратты қабылдау дағдыларына ықпал етеді. Сондықтан басты мәселе – жасанды интеллектіні қаншалықты көп қолдану емес, оны қандай мақсатта және қандай жауапкершілікпен пайдалану.


Ұлттық анимацияда технология мен мәдени мұралар тоғысуда

Қазақстанда балалар контентін өндіруде отандық телеарналардың орны ерекше. Соның ішінде 16 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан «Balapan» телеарнасының тәжірибесі назар аударуға тұрарлық. Арна осы уақыт ішінде 179 анимациялық жоба мен 30 телехикая шығарған. YouTube платформасындағы жазылушыларының саны 2,6 миллионнан асып, жалпы қаралымы 1,5 миллиардтан жоғарылаған.

Бұл көрсеткіштер отандық балалар контентіне сұраныс бар екенін аңғартады. Дегенмен аудитория көлемі мен қаралым саны өнімнің тәрбиелік немесе көркемдік сапасын өздігінен дәлелдемейді. Мұнда мазмұнның баланың жас ерекшелігіне сәйкестігі, тілдік сапасы және бәсекеге қабілеттілігі де маңызды.

Қазір «Balapan» дәстүрлі өндіріс тәсілдерімен қатар жасанды интеллект мүмкіндіктерін де пайдалана бастады. Мәселен, «Асыл мұра» аудиожинағына енген халық ертегілері мен жас қаламгерлердің шығармалары ЖИ көмегімен визуалды анимацияға бейімделген. Ал әзірленіп жатқан «Тұлпарлар. Құтқару жасағы» мультхикаясында ұлттық тұлпарлар робот бейнесінде ұсынылады.

Сонымен қатар «Кітаптар патшалығы» жобасы балалардың кітап оқуға қызығушылығын арттыруды көздесе, «Әл-Фараби. Уақыт кілті» танымдық тележобасы ұлы ойшылдың идеяларын жас көрерменге түсінікті форматта жеткізуге бағытталған. «Құмай тазы. Жаңа достар», «Теңгетай» және «Чемпион» жобалары да ұлттық мұра, қаржылық сауаттылық пен салауатты өмір салты тақырыптарын қамтиды.


Жасанды интеллектіні қолдану орталық телеарналармен шектелмейді. Өңірлік медиада да осы бағыттағы бастамалар пайда болуда.

Мәселен, «Turkistan» телеарнасы «Түркістан сақшылары» атты толық анимациялық фильм әзірлеген. Жоба тарихи және мифологиялық кейіпкерлер арқылы отансүйгіштік пен адамгершілік тақырыптарын қозғайды.

Ал «Jambyl» телеарнасы «Әжемнің әңгімесі» жобасы аясында қазақ ертегілерінің негізінде 12 бөлімнен тұратын анимациялық топтама дайындаған. Әр серияның ұзақтығы – 20 минут. «Қарлығаш пен Дәуіт», «Ақылды шыбын мен жалқау аю», «Түлкі мен тырна» секілді шығармалар балабақшалар мен бастауыш сыныптарда тәрбие құралы ретінде пайдалануға ұсынылған.

Бұл тәжірибелер жасанды интеллектінің өңірлік медианың өндірістік мүмкіндігін кеңейте алатынын көрсетеді. Бұрын техникалық немесе қаржылық себептермен жүзеге асыру қиын болған жобаларды әзірлеуге жол ашылады. Сонымен бірге қазақ тіліндегі анимациялық өнімдердің санын арттыруға мүмкіндік бар.

Ж.Сатқанбай.


Бөлісу