​КИНО КӨРЕЙІК: Миыңызды «жарып» жіберетін ТОП-10 шедевр

0
153

Ең соңында «Негізінде бәрі сен ойлағаннан басқаша!» деп, астын үстіне төңкере салады


​КИНО КӨРЕЙІК: Миыңызды «жарып» жіберетін ТОП-10 шедевр

Сурет: ЖИ

Кинематографияда «күтпеген бұрылыс» әдісі – көрерменнің қызығушылығын арттыра түсетін тәсіл. Сюжеті күтпеген жерден мүлдем басқа арнаға бұрылып кететін, шындықты немесе шешуші түйінді соңына дейін жұмбақ ұстайтын детективтік және психологиялық триллердің қаралымы жоғары болуы осының дәлелі.

Мұндай туындылардың басты ерекшелігі – фильм бойы сізге белгілі бір нұсқаны көрсетіп, соңында «Негізінде бәрі сен ойлағаннан басқаша!» деп, астын үстіне төңкере салады.

Осы сипаттамаға жүз пайыз сәйкес келетін, әлемдік рейтингте көш бастап тұрған «Үздіктердің үздігі» саналатын топ-фильмдер мыналар.


1. Престиж (The Prestige, 2006)

ХІХ-ХХ ғасырлардың тоғысында өмір сүрген екі дарынды иллюзионист-фокусшының арасындағы бітпейтін бәсекелестік туралы. Олар бір-бірінің ең үздік фокустарының құпиясын ашу үшін жан пидалыққа барады.

Фильмнің соңғы бес минутында ашылатын құпия кез келгенді есеңгіретіп тастайды. Содан кейін режиссер К. Ноланның ұсақ тұспалдары мен белгілерін байқау үшін басынан бастап қайта көргіңіз келеді.


2. Көрінбейтін қонақ (Contratiempo / Invisible Guest, 2016)

Жас кәсіпкер қонақүй бөлмесінде сүйіктісінің өлі денесінің қасында оянады. Бөлме ішінен құлыптаулы, сондықтан басты күдікті – өзі. Ол өзін қорғау үшін ешбір істі ұтылып көрмеген мықты адвокатты жалдайды. Олардың сотқа дейінгі үш сағаттық сұхбаты нағыз жұмбаққа айналады.

Сюжет шиеленісі сондай, сіз әр 15 минут сайын «кінәлі адам осы екен» деп ойлайсыз, бірақ соңында бәрі басқаша болып шығады.


3. «Жоқ әйелдің хикаясы» (Who You Think I Am, 2019)

50 жастағы әдебиет профессоры Клэр жас көңілдесін аңду үшін әлеуметтік желіде 24 жастағы қыздың атынан жалған профиль ашады. Нәтижесінде ол желі арқылы жас фотограф – Алекспен сөйлесіп кетеді. Желідегі жалған кейіпкерге Алекс былай тұрсын, Клэрдің өзі де ғашық болады. Тек виртуалды әлемде ғана кездесетін бұл махаббат хикаясы бірте-бірте бақылаудан шығып, үлкен психологиялық драмаға ұласады. Фильмнің соңында ашылатын ақиқат көрерменнің «шындық қайсы, қиял қайсы?» деген сұраққа мүлдем басқа қырынан қарауына мәжбүр етеді.


4. Болжамды қылмыскерлер (The Usual Suspects, 1995)

Кемедегі жарылыстан тірі қалған жалғыз куәгер полицияға бүкіл оқиғаның қалай өрбігенін баяндайды. Ол жұмбақ әрі қатыгез мафия басшысы Кайзер Созенің бұйрығымен әрекет еткендерін айтады.

Фильмнің финалдық сахнасы – әлемдік кино тарихындағы ең үздік сюжеттік бұрылыс болып саналады.


5. Қарғыс атқан арал (Shutter Island, 2010)

АҚШ-тың екі маршалы ерекше қауіпті, жүйке ауруына шалдыққан қылмыскерлерді емдейтін аралдағы жабық емханадан жоғалып кеткен әйелді іздеуге келеді. Тергеу барысында аралдың тағы да басқа құпиялары бары белгілі болады.

Соңғы сәтте бас кейіпкердің шынайы болмысы ашылғанда, оның фильм басындағы әрбір сөзі мен қимылы мүлдем басқа мағынада ашылады.


6. Жеті (Seven, 1995)

Екі детектив адамзаттың «жеті күнәсін» негізге ала отырып, қатыгездікпен қылмыс жасайтын өте ақылды сериялық кісі өлтірушінің ізіне түседі.

Фильмнің соңындағы қораппен келетін сахна жүрегіңізді дір еткізеді. Қылмыскердің не үшін оңай беріле салғанын тек соңында ғана түсінесіз.


7. Жоғалған қыз (Gone Girl, 2014)

Үйленгендеріне 5 жыл толған мерейтой күні Ник Данның әйелі Эми кенеттен жоғалып кетеді. Үйдегі күрес іздері, қан дақтары және Эмидің күнделігі полицияны «әйелін Никтің өзі өлтірген» деген ойға жетелейді. Бүкіл ел Никке қарсы шығып, оны құбыжық көреді. Алайда, фильмнің қақ ортасында сюжет мүлдем басқа бағытқа бұрылып, шынайы құбыжықтың кім екенін көрсетеді.


8. Ең үздік ұсыныс (The Best Offer, 2013)

Вергилий Олдман – өнер туындыларын бағалайтын, өте тәкаппар әрі ешкімге сенбейтін егде жастағы аукцион басқарушысы. Бір күні оған үйіндегі көне жәдігерлерді бағалап беруін сұрап, адамдардың көзіне түсуден қорқатын жұмбақ қыз хабарласады. Өмірінде ешкімді сүйіп көрмеген Олдман қызға ғашық болып, оның жабық әлеміне кіруге тырысады. Бірақ өнердегі жалғандықты бірден танитын маман өміріндегі ең үлкен алаяқтықты байқамай қалады.


9. Алтыншы сезім (The Sixth Sense, 1999)

Балалар психологы Малкольм Кроу өте ауыр психологиялық жағдайдағы 9 жасар Коул есімді баланы емдеуді қолға алады. Кішкентай бала дәрігерге өзінің қорқынышты құпиясын ашады: ол өмірден өткен адамдардың елестерін көреді. Дәрігер балаға көмектесуге тырысып жүріп, фильмнің соңғы секундтарында өзінің де, көрерменнің де өмірін өзгертетін ең басты ақиқатты түсінеді.


10. Пышақтарды суыру (Knives Out, 2019)

Белгілі детектив жазушысы Харлан Тромби өзінің 85 жастық мерейтойынан кейінгі күні өз үйінде өлі табылады. Тылсым жағдайда орын алған бұл өлімді тергеуге атақты детектив Бенуа Блан келеді. Үйдегі туыстардың әрқайсының жазушының байлығына көзі түскен және өліміне себебі бар. Агата Кристидің классикалық стилінде басталған бұл детектив соңына дейін таңғалдырумен болады.


Жұмбақтар мен күтпеген сюжеттік бұрылыстарға толы фильм қарау адамның интеллектуалдық және эмоционалдық дамуына, тіпті когнитивті қабілеттеріне пайдасын тигізеді.

Біріншіден, мұндай фильм – миға арналған «жаттығу». Оны көргенде ми белсенді жұмыс істеп, сіз бейсаналы түрде детектив рөліне еніп, детальдарды жинайсыз, логикалық тізбек құрасыз және алдағы оқиғаларды болжауға тырысасыз. Финалда сіздің болжамыңыз мүлдем қате болып шыққан сәтте, мида «когнитивті диссонанс» пайда болады. Ми бұрынғы қалыптасқан шаблондарын бұзып, ақпаратты жаңадан өңдеуге мәжбүр болады. Бұл жүйке жасушаларының арасындағы жаңа байланыстарды (нейрондық байланыстарды) дамытып, өмірде кез келген мәселеге жан-жақты қарауға көмектеседі.

Екінші жағынан, сыни ойлауды дамытады. Бізді «көзбен көргеннің бәрі шындық емес» дегенге үйретеді. Кез келген ақпаратты бірден қабылдай салмай, астарына үңілу, фактілерді тексеру және жасырын ниеттерді байқау қабілеті жақсырақ дамиды.

Эмоционалдық интеллект пен эмпатияға жетелейді. Күтпеген финал көбіне бас кейіпкердің шынайы болмысын немесе оның зұлымдыққа баруының терең психологиялық себептерін. Көрермен кейіпкердің ішкі драмасын түсіну арқылы адам психологиясының қаншалықты күрделі екенін ұғынады. Бұл өмірде адамдарды сыртынан қарап тез үкім шығармай, олардың әрекеттерінің астарында қандай психологиялық жарақаттар немесе себептер жатқанын түсінуге баулиды.

Фильм бойы шиеленісте отырып, соңында есеңгірететін жауапты алған сәтте адам ағзасында жиналған адреналин мен кортизол (стресс гормоны) деңгейі күрт төмендеп, орнына дофамин (қанағаттану гормоны) бөлінеді. Нәтижесінде адам күнделікті күйбең тіршіліктің стресінен арылып, жеңілдеп қалады.

Мұндай фильмді аяқталғаннан кейін басынан бастап қайта көргіңіз келеді. Себебі, режиссердің алғашқы кадрлардан бастап жасырған кішкентай детальдарын іздейсіз. Бұл қоршаған ортадағы ұсақ-түйектерге мұқият болуға, адамдардың мимикасы мен ишараларын (невербалды сигналдарды) жақсырақ оқуға үйретеді.

Қысқасы, мұндай кинолар — миды жалқаулықтан құтқарып, оны заманауи ақпараттық заманда ширақ әрі қырағы ұстаудың таптырмас интеллектуалды құралы.

ERNUR.KZ