Алтынай Жорабаева: "Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері ретінде, көп балалы ана ретінде мен сол үндеуге екі қолымды көтеріп тұрып қосыламын!"
Соңғы күндері сәукеле киіп, төсін жалаңаштаған аруға байланысты дау желіде өршіп тұрғаны белгілі. "Ұлтым" деген азаматтар мұндай хайп дүниелерге тоқтау салғысы келіп, қарсылық білдіруде. Солардың бірі, ол қызды сотқа берген шымкенттік азамат туралы бұған дейін жазған болатынбыз.
Оны танымал әнші Алтынай Жорабаевада қолдайтынын өзінің желідегі парақшасында жариялады.
Алтынай Жорабаева: "АТЫҢ ШЫҚПАСА ЖЕР ӨРТЕ! Инстаграмм деген желіде танылу үшін ел не істемей жатыр? Кезінде қазақтың атын танытамыз деп шет ел асып топты жарып, аяғым ауыр, ай-күнім жетіп отыр деп жасқанбай, жүрексінбей жарысқа түсіп едік. Көкірегімізді ашып кө....німізді көрсетпей абырой жинатқызған Аллаға шүкір, ұятты санамызға сіңіріп өсірген ата-анамызға мың алғыс. Бүгін 2 миллионға жуық оқырманым болса, сол 20 жыл еткен еңбекке, төккен терге жиналған адал, ақкөңіл оқырманым. Қазір, дабырамен даумен жинаған дақпыртты атақ дей ме екен? Әңгіменің ауаны кімге, қайда бағытталғанын өзіңіз түсінген боларсыз.
1. Үндемейік, оның пиарын өзіміз жасамайық деген сайын, басқа шауып, төске өрлеп барады тәрбиесіз. Елемей жүріп, үндемей жүруге аналық жүрегім шыдамады. Біз пиарын жасамадық дегенмен телеарнамыз төріне шығарып тайраңдатып, қолпаштап, көпшік қойып отыр емес пе?
2. "Бұл видеоны барлық қазақтарға айтқан жоқпын" дейді, алайда мазақ видеосында барша қазақ елінен деп тағы өзі айтып тұр. Яғни, барша қазақ еліне тіл тигізіп, "фак ю" көрсетіп тұр.
3. "Ұлымды емес ұлтымды ойлап толғанам, ұлым соның бір бөлшегі шығар деп". Бүгін мектеп оқып жүрген қыздарым, ертеңгі елдің анасы емес пе? Қазіргі өтпелі кезеңнің кермесінде жүріп, еліктегіш жасында осыны көрсе, ешкім бұрыс демегесін осыны дұрыс екен деп қалса, енді 10 жылдан кейінгі ана болатын қыздар қандай болмақ? Ай дейтін әжені, қой дейтін қожаны тыңдамайтын жүгенсіз кеткен кердең болады ма?
4. Сапалы сурет, монтажды видеоны қыздың жалғыз өзі істеп отырмағаны да анық. Жоғарыда айтқанымдай желікпе жастағы еліктегіш жасөспірімді айдап салып, арандатып отырғандардың бары да анық. Анығын Алла Білуші.
Білерім, егер бұны тоқтатпасақ, өзім білем дейтін өркөкіректер төбемізді тесетін болады.
Басқа елде болсыншы, баяғыда быт-шытын шығарып орнына қояр еді, әрине заңмен.
Шымкент десе шошиды бәрі, алайда, осыған бас көтеріп, бірігіп, сауатты түрде арыз тастап жатқан да тек сол Шымкенттік намысты жігіттер екен.
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері ретінде, көп балалы ана ретінде мен сол үндеуге екі қолымды көтеріп тұрып қосыламын"-, деді.
Әншінің оқырмандары да бұл бастамаға қосылатындарын айтып, "Ұлт намысы" саналатын қыздарға қатаң тиым болу керек екенін айтуда.