Әнші Калия: "Қазақтың "әпшу бер" дегені барып тұрған педофилия ғой"

0
9 697

Интернеттен неше түрлі порнографиялық видеоларды көріп, ауру одан әрі қозып, адамды қылмыс жасауға итермелеуі мүмкін - Әнші.


Әнші Калия:

Stan.kz ақпарат агенттігі, елімізде орын алып жатқан балаларға қатысты қайғылы жағдайлар мен педофилия тақырыбында, көпшілікке Kaliya лақап атымен танымал әнші, БҰҰ-ның Халықтық қоры ЮНФПА қоғамдық денсаулық сақтау жөніндегі спикері Ақмаржан Кушербаевамен сұхбатын жариялады.

Сұхбат барысында әнші педофилдерге қатысты заңды қатайтумен мәселенің шешілмейтінін айтады.

"Негізі, тек қана заңды күшейту бұл мәселені шешпейді. Неліктен олай болды, оған көп мән беру керек, оны зерттеп, зерделеу керек. Әрине, заңды да қатайту керек, мұндай сексуалды қылмыс жасаған адамдар тиісінше өздерінің жазасын міндетті түрде алуы керек" - дейді әнші.

Сонымен қатар әнші, қазақстандықтардың психологиялық, эндокриндік, гормоналдық денсаулығына аса үлкен назар аудару керек деген ойда.

"Педофилия дегеніміз ауру, оның пайда болу себептері әртүрлі, психологиялық немесе эндокриндік жүйде болуы мүмкін. Одан бөлек интернеттен нешетүрлі порнографиялық видеоларды көріп, ауру одан әрі қозып, адамды қылмыс жасауға итермелеуі мүмкін"- дейді Ақмаржан Кушербаева.

Әнші журналистің өлім жазасы педофилия мәселесін шешпесе, қандай шара қолданып, не істеуге болады деген сұрағына: "Біріншіден, шұғыл әрекет ету штабы, білім беру саласы жүйелі түрде жұмыс істеуі керек. Мектептерде балаларға жыныстық білім берілуі керек, ол ұят нәрсе емес, ол физиология, қалыпты жағдай. Өйткені ата-аналар бұл тақырыпта балаларымен сөйлеспейді", - деп жауап берген.

Сонымен қатар әнші Қазақстандағы жыныстық білім мен тәрбиеге қатысты өз ойындағы кемшін тұстарын атап көрсеткен.

"Бәрі сол жыныстық білімге алып келеді. Қайтадан сол жыныстық тәрбие мәселесі. Мен мамандармен сөйлесіп, жыныстық қатынас жайлы балабақшада айтуға болады деген жауап алдым. Балабақшада оның жасына сай ақпарат берілуі керек.

Мен мысалы "әпшу берші" деген дәстүрді түсінбеймін және соған байланысты өз пікірімді білдіріп, сынның астында қалғанмын. "Сіз түсінбейсіз, сіз білмейсіз", - деп мені біраз жерге апарып тастады. Осы дәстүрде ұл баланың шеткі тәнін тарту арқылы, оны сүндеттеуге дайындайды екен. Неге оны бәрі ұстауы керек? Керек болса, оның ата-анасы бар ғой, бөтен адамға олай істеудің қажеті не? Айдалада жүрген адам баланың жыныстық мүшесін ұстауы не сұмдық, бұл барып тұрған педофилия ғой" - дейді әнші қыз.