Димаштың концертіне кіре алмаған ағылшындардың өкпесі қара қазандай

0
4 174

Ағылшындар Димаш ҚҰДАЙБЕРГЕННІҢ Лондонда өткен концертіне билет таппай қалған.


Димаштың концертіне кіре алмаған ағылшындардың өкпесі қара қазандай

Ағылшындар Димаш ҚҰДАЙБЕРГЕННІҢ Лондонда өткен концертіне билет таппай қалған. Бұл туралы әншіден сұқбат алған журналист Досымжан Ермұратов желідегі парақшасында жазды.

Досымжан Ермұратов: "ҰЛЫ ДАЛАДАН ҰЛЫБРИТАНИЯҒА.

Ағылшындардың бізге деген өкпесі қара қазандай. Өйткені екі сағаттан кейін (Лондон уақытымен 20:00) басталатын Димаштың концертіне билет таппай дал. Екі мың билет әп-сәтте сатылып кеткен. Ренжулі ақсүйектер қосымша орын сұрап отыр. Әрі кетсе жүз шақты адам артық кіргізілуі мүмкін. Осыдан үш күн бұрын Димашпен сұхбаттасқанымызда Лондонда шырқалатын 30 әннің 60 пайызын қазақ тілінде орындайтынын айтты. Бұл ұлтым деген ұлдың ісі. Ел ішінде орысша қақсайтын шенді-шекпенділер осы азаматтан үлгі алса екен. Мақтанышымыздың сыналатын тұсы да осы. Себебі концертке әлемнің 40 елінен көрермен келеді. Оның үстіне кәрі құрлықтың талғампаз тұрғындары саңлағымызға сынай қарары хақ. Құдайым құлагерімді сүріндіре көрмеші. Бүгін тұманды альбионнан жеткен видеоларды көріп, қалың ойға қалдым. Патшайымның жерлестері біздің ұлды алаулатып-жалаулатып қарсы алыпты. Құшақтары шоқ-шоқ гүлге, әуежайдың іші Димаш, Димаш деген үнге толы. Жасаған сый-сияпаттарында шек жоқ. Әуежайға сыймағандары Димаш түскен қонақ үйді жағалапты. Біз неге алты құрлықты аузына қаратқан азаматты дәл осылай шығарып сала алмадық. Он шақты кісінің ғана қарасы көрініпті. Сый түгіл, жылы сөзімізді де көптеп жолдай алмаппыз. Жәй кезде той әншілерін төбелеріне көтеретін отандық телеарналардың біреуі де төбе көрсетпеді. Әлде біздің бас қатыратын мәселеміз көп пе? Ағайын, ең болмаса келгенде дұрыстап қарсы алайықшы. Астана әуежайын неге азан-қазан қылмасқа?! Алтынды қолда барда қадірлейік. Барында бағалайық. Шаршамай шаба бер, физиканың емес, музыканың Эйнштейні!".

Журналистің күйінішін түсінген желі оқырмандары, "шынында, біз барды бағаламай білмейміз" деп ашынды. Сонымен қатар, барлығы дерлік ұлтының брендіне айналған ұлына тілектестіктерін білдірді.

ERNUR.KZ