"Қайғылы кезеңді халыққа жеткізгіміз келді": Ақ-қара форматтағы "Қаныш" фильмі жарыққа шықты

0
1 132

Cіз ақ-қара түсті киноны соңғы рет қашан көрдіңіз? Есіңізге түспей ме, әлде ешқашан көрмедіңіз бе? Енді сізде ондай мүмкіндік бар, бұл - "Қаныш".


Бүгін Астана қаласында біртуар ғалым Қаныш Сәтбаевтың өмір жолын баяндайтын «Қаныш» фильмінің жабық көрсетілімі өтті. Оған қоғам қайраткерлері, жазушылар мен өнер адамдары және журналистер жиналды. Алдымен фильмнің желісіне себеп болған "Қазақтың Қанышы" кітабының авторы, жазушы Медеу Сәрсеке сөз алды.


Медеу Сарсеке: "Қаныш аға туралы бұл фильм баяғыда жарыққа шығуы керек еді. Өйткені оның еңбегі, жетістігі мол. Амал не, ештен кеш жақсы дегендей, жуырда жасалып, көптен күткен көрерменнің көзайымына айналып отыр. Фильмнің бағасын көрермен айтар... Мен өзім осы туындының дүниеге келгеніне қуаныштымын! Шамам келгенше көмектестім, сценаристер арнайы іздеп келіп ақылдасты.

Көрерменге ой салар, ғұмыры ұзақ туынды болсын! Қаныш ағаның тағдыры, өмір жолы, атқарған еңбегі, барлығы – халқымыз үшін әрқашанда өнеге! Мен осы жолда өзімнің 58 жылымды арнадым. Қаныш мені де, елін де байытты".


Одан кейін фильм режиссері Ерлан Нұрмұхамбет, продюсер Айгүл Байбек пен Әсел Ержанова сөз алып шығармашылық топ пен демеушілерге алғыс айтты.

Режиссердің айтуынша, Қаныш рөліне 6 үміткер болған, бірақ олардың таңдауы - әнші-сазгер, әрі актер Әсет Есжанға түскен.

Фильмнің желісіне 1926-1934 жылдарда елсіз Қарсақпай жерінде Қаныш Сәтбаевтың ерекше күш-жігерімен әлемдегі ең бай тау-кен инфрақұрылымының қалай ашылғандығы туралы тарихи оқиғалар арқау болған. Авторлары Қаныш Сәтбаевтың тек мықты геолог қана емес, сонымен қатар, ондаған баланы аштықтан аман алып қалған ерекше тұлға екенін көрсете білген. Фильмде ХХ ғасырдың басында орын алған ашаршылық, қуғын-сүргін сияқты қиын кезеңнің өзінде халық рухының сынбағанын көрсеткен. Туындыда сол уақыттың сирек деректі кинохроникасы қолданылып, ал нақты тарихи тұлғалар кейіпкерлердің прототипіне айналған.


Толық экранды фильмнің ақ-қара форматын фильмді түсірушілер сол кездегі қайғылы ахуалды көрерменге жеткізу үшін әдейі пайдаланған екен. Сол арқылы да ашаршылық кезіндегі қайғылы жайттарды, суға жете алмай жаны қиналған адамдарды керемет суреттеген.

Фильм соңында Қаныш Сәтбаевтың ұрпақтары сөз сөйлеп, шығармашылық ұжымға алғыстарын айтты. Сондай-ақ Сәтпаевтың туысы, Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты Алтынбек Нұхұлы сөз сөйлеп, продюсер, режиссер және Қаныш рөлін сомдаған Әсет Есжанды "Қаныш Сәтбаев атындағы" төсбелгімен марапаттады.