"Қор қылды-ау": ​Қазақ елінің сәукелесі Париждегі жаңа трендтің элементі болды

0
2 853

Сән көрсетуге шыққан жалаңаш модельдің басындағы бас киімі сәукелеге өте ұқсас.


Қазақ елінің сәукелесі Париждегі жаңа трендтің элементі болды. Францияның сән аккаунттарының бірінде, жалаңаш модельдің трнендтегі той көйлегінен сән көрсеткен сәтінен кадрлар пайда болды. Кейбір қазақстандық әлеуметтік желі қолданушылары той көйлегін көрсеткен жалаңаш модельдің бас киімі – еліміздің ұлттық құндылықтарының бірі, қыз-келіншектердің бас киімі – сәукелеге қатты ұқсайтынын аңғарған. Бұл туралы ztb_kz инстаграм парақшасында жазылған.

Кадрда тек іш киім киген модельдің жалаңаш денесіне бәрі анық көрінетін матадан желбіршекті ұзын көйлек киіп алғанын және басына киген ұзын бас киімі қазақ сәукелесіне қатты ұқсайтынын аңғаруға болады.

Бұған қатысты желі қолданушыларының көпшілігі ұлттық құндылықтардың, салт-дәстүрдің мәртебесін көтеру үшін күресу керектігін және осыған қатысты қатаң заң қабылдану қажеттігін алға тартқан.

Көпшілік ашу шақырып, заң қабылдау қажеттілігін көтергендігі осыған дейінгі жағдайларға да қатысты. Бұдан алдын өз елімізде осыған ұқсас жайттардың орын алғаны белгілі. Тараздық бойжеткен сәукеле киіп, денесін жалаңаштап барша қазақстандықтардың ашуын туғызған болатын. Алайда көпшіліктің ашуын туындатқан мұндай жағдайлар заң аясында емес, тек кешірім сұраумен шектелген еді.

«Өз елімізде сәукелемізді мазақ еткендерге жаза қолданбаған едік, ал енді Европада масқара болудамыз. Негізі ұлттық құндылығымыз, дәстүріміз және рәміздеріміздің мәртебесі үшін күресу керек», «Сәукелемізді қор қылды-ау», «Сотқа беру керек», «Боратпен бір мазақ болып едік, енді мынау шықты...», - деп жазады ашынған оқырмандар.

Алайда сәнбикенің басындағы сәукеле емес, тек соған ұқсайды деген желі қолданушылары да бар.

«Бұл сәукеле емес қой», «Сәукелеге қарағанда шыршаға көбірек ұқсайды екен», « Сәукеле емес ол.. Сәукеле төбесінде үкісімен болады» дейді кейбір желі қолданушылары.