Мейрамбек Бесбаев: "Құрметті апайымызға қатысты кеше жариялаған постымды алып тастаймын"

0
1 646

Екі тарап ортақ келісімге келген.


Мейрамбек Бесбаев:

Қазақстан орындаушылар одағы төңірегіндегі дауға нүкте қойылған сыңайлы. Осыған дейін одақтың бұрынғы басшысы мен депутат Зағипа Балиева "қысым жасап жатыр" деп мәлімдеген Қазақстан орындаушылар одағының жаңадан сайланған басқарма басшысы әнші Мейрамбек Бесбаев екі тарап ортақ келісімге келгенін айтып, Зағипа Балиеваға алғыс айтты.

“Кешелі бері Қазақстан орындаушылары одағы маңындағы өрбіген жағдайға байланысты келесіні хабарлаймын. Бүгін ұйымның бұрынғы басшылығымен кездесу өткіздім. Ортада қалыптасқан барлық мәселелер бойынша келіссөздер жүріп, ортақ шешімге келдік. Біріншіден, менің заңды түрде басшы ретінде әділет органдарында тіркелуіме бұрынғы басшылық ешқандай кедергі келтірмейтін болды. Екіншіден, одақтың басқа ұйымдар мен құрылымдардың алдындағы міндеттемелерді бұрынғы басшылық және біз екі жақтап шешетін болдық. Біздің тараптан ұйымның болашақтағы барлық жұмысы таза, ашық жүргізілетінін айттық, кей шаруаларға қатысты бұрынғы басшылық нақты ақпарат беріп отыратын болды. Бір елдің балалары болғандықтан, сөзге тоқтаған текті халықтың ұрпағы болғандықтан, біз ортақ мәмілеге келдік. Сол себептен, қазақтың көрнекті мемлекет қайраткері, құрметті апайымызға қатысты кеше жариялаған постымды алып тастаймын. Кеше орын алған мәселені ары қарай ушықтырмай, тез арада шешілуіне ықпал еткен Зағипа Яхияқызына алғыс айтамын!” деп жазады әнші өзінің Іnstagram-парақшасында.

Еске салайық, бұдан алдын Мейрамбек Бесбаевтың орындаушылар одағына төраға болғаны туралы және "Бұрынғы басшылық қоқан-лоқы көрсетіп жатыр": деп Бесбаевтың Мәжіліс депутаты Зағипа Балиеваға айып таққаны туралы жазған болатынбыз.