​«Мен сияқты әйелге «измена» жасау мүмкін емес»: Гүлнұр Мамасарипова күйеуімен қарым-қатынасы жайлы айтып берді

0
280

«Енем «Күйеуіңе ие бол!» деп қыздарымды алып қалды»


​«Мен сияқты әйелге «измена» жасау мүмкін емес»: Гүлнұр Мамасарипова күйеуімен қарым-қатынасы жайлы айтып берді

Белгілі продюсер, журналист Гүлнұр Мамасарипова «Мамский әңгіме» подкастына сұхбат беріп, отбасылық өмірі жайлы сыр шертті.


«Үлкен қызым мен Сараның арасы 1 жас 8 ай. Тұңғышымды босана сала ауылға, ата-енеміздің қолына беріп жібергенбіз. Сөйтіп, студент боп жүріп Сараға аяғым ауырлаған. Оны да ауылға барып босандым.


Қырық күн күтініп, буынымыз бекігесін қалаға қайту керек болды. Сонда енем маған «Сараңды да маған тастап кеті, барып дипломыңды қорға, күйеуіңе еге бол!» деп бұйырды. «Апа, мен оқымаймын, академиялық демалыс аламын, қызыма өзім қараймын» деп едім, «Оқудан бұрын күйеуіңе еге бол!» деп тағы сөйледі. Ол кезде жаспын, түсінбеймін, сөйтсем енем өмір көргендігін білдіріп, ақыл айтқан екен ғой. Тап сол кездері жолдасым прокуратураға қызметке тұрған. «Өзі жас, форма киіп алған, астында машинасы бар, әп-әжемі жігіт. Саған керек жігіт басқа біреуге керек емес дейсің бе? Ертең балам басқа біреуге кетіп қалса, сен мына екі қызыңмен маған керек емессің!» деп сөйледі.


Оған дейін күйеуімді қызғану, біреумен жүріп кетуі мүмкін-ау деген ой болмаған екен. Енем миыма құйып жіберген соң ойым бұзылды. Сөйтеп мен екі қызымды енеме тастап, Алматыға келіп, дипломымды қорғап, күйеуімнің қасында жүрдім. Арада біраз уақыт өткенде Сараны қолымызға алдық. Ал үлкен қызым Дана ата-әжесінің тәрбиесінде қалды, мектепке барғанша сонда болды» деді Гүлнұр Мамасарипова.


Продюсер өзі сияқты әйелге опасыздық жасау мүмкін еместігін айтты.


«Өмір бойы бір-бірінің бетіне қарап, махаббат боп отыру мүмкін емес. Неше түрлі кезеңді бастан өткересің. Шынымды айтсам, өмірден өз орнымды табайын деп алысып, арпалысып жүріп отбасылық өмірімді қалай сақтап қалғанымды да білмейді екем. Біз, жолдасым екеуміз бірге есейдік.Үй салдық, машина алдық, балаларды оқыттық. Әлі солай, тырбанып келеміз.


Мүмкін мен жұмыс істемей, үйде отырып, күйеуімнің әр қадамын аңдып отырған әйел болсам, тағдырым басқаша боп кетер ме еді? Ал менің «күйеуім қайда жүр екен» деп ойлауға уақытым болмаған. Оның да басынан неше түрлі нәрсе өткен шығар, ішінде ғой бәрі. Ең бастысы, мен ондайды білмеймін. Қазбалаған да емеспін, ойламаймын да. Көзіме шөп салып жүр-ау деген нәрсе миыма кіріп шықпайды. Өйткені менің миымда атам мен әжем салып кеткен «самооценка» ұрып тұр. «Мен сияқты әйелге опасыздық жасау мүмкін емес» деп ойлаймын, әлі сол ойдан айныған емеспін» деді «Келінжанның» продюсері.