"Мүмкін қайтыс болмас па еді" - Танымал актер ағасына 100 мың теңге бермегені үшін өкінді

0
3 304

Азамат Сатыбалды ағасының қазасына неге өзін кінәлайды?


фото: ғаламтордағы ашық дереккөзден

Театр тарланы Азамат Сатыбалды өзінің жаңа туындысын жарыққа шығармақ ниетте. "Родной" атты драма-трейлер жанрындағы киноның түсірілімі шілде айында басталады. Аталған кино сценарийінің мазмұнын марқұм болған ағасымен арада болған алыс-беріске негіздеп жазған. Актер бұл жайында "Хабар" арнасының "Ережесіз әңгіме" бағдарламасында айтты.

Тірісінде туған ағасының қадіріне жете алмаған актер әрбір өткен сәтті бағаламағанына өкінеді. Және де көпшілік осыдан сабақ алып, парасаттылық пен татулықты білсе деген ниеті бар екен.

"Үш жыл болды, бір сценарийді енді жазып бітірдім. "Родной" деген атпен. Бұл драма-трейлер. Менің ойыма бұл қалай келді? Менің туған ағам болды. Оның жасыратын ештеңесі жоқ, 100 мың теңге сұраған болатын. Менде ақша болды, бере салуыма болатын еді. Бірақ, отбасымдағы папаларымыз, бауырларымыз бермей-ақ қойсайшы, ағайынның арасында іріткі болады. Берсең, қайтармай қойса, ұрысып қаласыңдар деп. Соны тыңдап, мен бермедім. Ағам бес күннен соң аварияға түсіп, қайтыс болды. Мен әлі күнге дейін жүрегімде тұрады. Әлі менің түсіме кіреді. Есіме алсам, көзіме жас келеді. Атаңанәлет, сол құрып кеткір жүз мың теңгені неге бере салмадым. "Соны бергенде мүмкін қайтыс болмас па еді. Неге сол сәттерді мен бағаламадым? Неге бауырымда бағаламадым" деген ой әлі күнге дейін мені қынжылтады. Міне, сол бағытта сценарий жаздым. Екі бауыр туралы", - деді өткен күнін өкінішпен еске ала отырған Азамат Сатыбалды.

Естеріңізде болса, актердің "Бір сен үшін" атты толық метражды түсірген киносы көрерменге жол тартқан болатын. Алайда, кино қосымша қаражат түсірмеген, тек өзінің шығынын ғана өтеген. Өзін ақымақ продюсер санатына жатқызған Азамат Сатыбалдының кино түсірудегі көздеген мақсаты қалтаның қалыңдығы емес, көрерменге ой саларлық дүниелерді жарыққа шығару екен. Ақша қуып кино түсірер болсам, комедия жанрын таңдаған болар едім дейді.

"Маған ақша қызықтырмайды. Мен сол миллион доллар тапқаннан гөрі жүз адамның ойына бір өзгеріс жасасам. Менің басты мақсатым сол. Егер ақша тапқым келсе, мен комедия түсіретін едім", - деп өз ойын айтты продюсер.

Ал, театрда өзіндік қалыптасқан орны бар актердың сұхбатынан көрермендер ерекше шабыт алғандығын жасырып қалмады. Разылыққа толы пікірлер толастамай жазылып жатыр.

ERNUR.KZ