«Ресми түрде спорттық мансабымды аяқтаймын»
Алматыда ОМОН тобы ұстап әкеткен ММА файтері, аралас жекпе-жек шебері Қуат Хамитов босатылды. Ол соңғы кезде өзіне қаратыла айтылып жүрген қауесеттерді басу үшін 10 минуттық видеоүндеу жасады.
«Ассалаумағалейкум, құрметті қазақстандықтар! Соңғы жаңалықтар бойынша әр жақтан естігенше өз аузымнан естісін деп осы видеоны жазып отырмын. Ең алдымен бұл тақырыпты бастамас бұрын осынау қиын кезде дүниеден өткен бауыр, қандастарымыздың әке-шешелеріне, туған-туыстарына қайғырып көңіл айтамыз. Олар біз үшін батыр болып қала береді. Сізге қазір өте қиын. Біз сіздермен біргеміз. Иманды болсын, жатқан жері жайлы болсын.
Кешегі оқиғаларға келсек, біз батыстық бауырларымызды қолдайтын халықтың бар екенін білдіру үшін бірінші бейбіт митингіге шыққан едік. Космо жанармай құю бекетінің алдына жиналдық. Аудан әкімінен бастап полиция, тиісті органдардың бәрі келді. Біз сол жерде өз талаптарымызды айтып видеоүндеу түсірдік. Қымбатшылықты қолдан жасағандар жұмысынан кетсін деп ешқандай ұрыс-төбелессіз айттық. Ешбір тұрғын зардап шеккен жоқ. Ақсақал соңында батасын беріп, тарқаған болатынбыз. Одан соң әкімнің орынбасары мені халықты басыңыз деп шақырды. Құрметпен қарсы алып, сөз берді.
«Құрметті бауырлар, біз өз-өзімізге жау емеспіз. Ұрлау, тонау, қирату керек емес. Біз жәй ғана батысты қолдау үшін бейбіт мақсатта шықтық», - деп халықты басқан болатынмын. Одан кейін қаланың сыртындағы үйімде болдым. Байланыс, интернет үзіліп қалды. Екі күннен кейін менің досым арқылы ҰҚК қызметкерлері байланысқа шықты. «Неге қашып жүрсің?» деп. Олар маған сағат 16.00-де қалаға кездесуге шақырды. Мен келістім. Үйіме кіріп, жуынып-шайынып, тамақтанып болған соң қалаға қарай шығайын деп отырғанмын. Кенеттен бір топ ОМОН қызметкерлері ешқандай ескертусіз, ешбір себепсіз баса-көктеп кіріп, мені және әкемді ұрып-соғып, қалаға бөлімшеге алып кетті», - дейді аралас жекпе-жек шебері.
Сонымен бірге Қуат Хамитов үлкен спорттан кететінін де мәлімдеді.
«Мен негізі әлі бес жылдай байрақты бәсекелерде елімнің атын шығарамын деп ойлағанмын. Алайда қалыптасқан жағдайлардан кейін мен ресми түрде спорттық мансабымды аяқтаймын. Мен үшін өмірімнің жаңа белесі ашылды», - деп кесіп айтты спортшы.