Жұлдыз Әбдікәрімова қыз тәрбиелеп отырған ана болған соң үнсіз қалуды жөн көрмепті.
Жарыққа шыға салысымен әлеуметтік желіде хит болып, қызуы басылмай тұрған "Жезөкше" атты бейнероликке қатысты, қазақ эстрадасының хитмені Қайрат Нұртастың жары, Жұлдыз Әбдікәрімова өз ойын ашып айтып, Instagram парақшасында пікір қалдырды.
Өз пікірінде әншінің жары қоғамды қыз арқылы тәрбиелеу дұрыс емес деп есептейтінін айтқан. Сондай-ақ видеороликті түсіргендердің мәселені тек бір жақты қарастырғанына да наразылығын білдірген.
"Бұл тақырыпқа қатысты ойымды жазайын ба, жоқ па деп көп ойландым. Қыз тәрбиелеп отырған соң үнсіз қалғым келмеді. Соңғы уақытта қазақ қызы тәрбиеленем деп таяқ жеп жатқандай көрінеді маған. Маркерге бір теңелдік, енді...
Әлжеліде қызу талқыға түскен роликті (“Жөзекше”) көріп, жазбаларды оқып шықтым. Адамды киген киіміне қарап таниды деген ұстанымды жеткізіпті. Анау полицей, анау медбике, ал сен қысқа белдемше (юбка) кигендіктен - жөзекшесің дейді.
Алайда есті қыз етегін он рет қымтап ұстаса да, бұл қоғамда есірген еркек әлімжеттік жасап, сонда да арам ойын жүзеге асыратынын неге есепке алмаған?! Ондай еркекті кім дейміз?!
Қоғамды қыз арқылы ғана тәрбиелейміз деген қате түсінік. Қоғам жалғыз қыздан ғана құралмайды. Оның екінші бөлшегі - еркек. Қысқа кидің екен деп бөтен еркектер осы роликті көріп алып, қыздарға дәл осылай бас салса, кім жауап береді?! Қате түсінік қалыптастырған, тәрбиелейміз деп таяқ жегізген “идеологтар” қорғай ала ма?!
⠀
P.S. Бұл жазбам арқылы қысқа киюді насихаттамаймын және кимеңдер деп бас салмаймын. Жеке ойымды өзгелерге тықпаламаймын. Әркімнің екі иығында басы бар. Өздері шешеді. Тек мына қоғам қызын қадірлесе деймін" , - деп жазды Жұлдыз Әбдікәрімова.
Қоғамның пікірін екіге жарған видеоролик секілді, Жұлдыз Әбдікәрімованың да оқырмандарының ойлары екіге бөлінген. Бірі хитменнің жарын қолдап, "дұрыс айттыңыз, ойымның үстінен түстіңіз" деп жатса, енді бірі "қызыңызға қысқа, ашық-шашық киім кигізер ме едіңіз?, ашық киінген дұрыс емес" деген пікірлерін білдірген.
Айта кетейік, бұған дейін атышулы видеоға қатысты заңгер, блогер Айгүл Орынбектің пікір білдірген еді. Ол "Алты рет неке қиған, бірінен талақ алып екіншісімен неке қидырып, бір-біріне сыйланып жабық киініп жүрген қыздардың жезөкшеден несі артық" деп жазған болатын.