Журналист: "Соңғы кездері жазатын дүние көп, бірақ оның бәрін жаза беруге жүрегім дауаламайды...".
Осы жылы әкесі мен баласынан айырған тағдыр, енді Ақжүністен ұлымен тел өскен Нұрсұлтан есімді бауырын айырды. Бұл туралы журналист парақшасына жүрек жылатар жазбасында жазды.
Сәуле Әбілдаханқызы: "Парақшаң өзге жұрттың посттарына толып кетіпті, өзің неге ештеңе жазбай қойдың?.." деп сұрады.
Ол рас. Соңғы кездері жазатын дүние көп, бірақ оның бәрін жаза беруге жүрегім дауаламайды...
Алайда...
2 қыркүйектен бері бір арнау пост жазу парызым еді...
Сол күні тағы бір құлыншағымыздан - Абзалымның сыңарындай боп бірге өскен, бір бесікте кезек-кезек тербелген, бірге жүрген, бір-бірінсіз ас батпайтын Нұрсұлтан деген балапанымыздан айырылған едік...
Сол күндері осы фб-да небір тасарал, масарал т.б. бақа-шаяндардың біраз жүйке жұқартқан посттарына - жазбасқа амалым қалмағандықтан - жауап жаздым... ал негізі ол күндері Нұрсұлтаныма арнап жоқтау жазу міндетім еді...
Жазбақ та болдым...
Жаза алмадым... қолым бармады...
Өйткені... қайта-қайта жақыныңнан айырылғаның туралы дүйім жұртқа айту өте ауыр екен...
Бүгін тағы бір қыршын кеткен жасты - өз баламдай боп өскен Нұрсұлтанымызды қара жер қойнына тапсырғалы тура бір ай болды...
Тағы да "Неге бұлай?.." деген сұрақ... неге жастай?.. неге мүшел жаста?.. неге біздің әулет?.. неге?.. неге?..
Былтыр күзде Азамат бауырым кеткенде осы сұрақ жанымды жегідей жеген...
Балам кеткенде мұндай өлімнің себебін іздемек те болғанмын... үлкендер, білетіндер "себебін іздеме... болмайды... Алланың ісі..." деген соң, құдайдан қорқып, себебін іздемегем....
Тағы жас өлім.., тағы мүшел жаста келген ажал... отбасында 4 қыз болсақ, төртеуіміздің де ұлдарымыз жастай кетті... оның үшеуі мүшел жаста... "неге?" деген сұрақтың тумауы мүмкін емес, себебін іздемеу мүмкін емес жағдайға келдік...
Мұның бәрі жайдан-жай, тегіннен-тегін, құдайдан келген ажал емес екенін жүрегім сезеді... адамнан келген қастандықтың кесірі... "Ажал - құдайдан, әркім алланың өлшеп берген демі таусылғанда өледі" дерсіздер. Сонда біз сенген Құдай осыншалықты әділетсіз бе???
Неге біздің баламыз? Неге бір емес, екі емес... сонаау 92-ші жылдан санасақ, санынан жаңылатындай болдық қой...
Нұрсұлтан.... құлыным сол.... қазанбасым менің..... "Әпше, қазанбас деп сіз айтсаңыз ғана жарасады, сіздің айтқаныңыз ғана ұнайды, басқалар қазанбас десе, жыным келеді..." деуші едің... қайтейін... егіз қозыдай тел өскен бауырыңның қасына кеттің ғой.... Абжоңнан айырылып, жалғызсырап, жаутаңдап қалып едің... екеуің көкте табыстыңдар ма, періштелерім сол....
"Жоқтау жазу қиын, ауыр, жазбаймын..." деп, "жыламаймын!.." деп өз-өзімді алдарқатып жүрдім. Алайда сендерді жоқтап жыламаған күнім жоқ, ботақандарым менің... жатқан жерлерің жарық болсыншы...".
Бұл жазбаны жай оқи салу мүмкін емес. Десе де Сәуле халықтың көз алдында, қайсар, батыр, батыл Ақжүніс болып сақталған. Бұл жолғы сынақтан да сүрінбей өтеріне сенеді.