Танымал журналист "Ішіп алып, теңселіп тұруды зор санайтын" жұлдыздарды сынады

0
3 617


Танымал журналист

Танымал журналист, продюсер Әлия Құдайберген сахнада сайрандап жүргендерге өкпесін ақтарды.

Өзінің жеке парақшасына "Ішіп алып, теңселіп тұруды зор санайтын, сол "өнерін" бақ санайтындарға арналады!" деп бастап, оларға "Концертке , біреудің армандап, аңсап жеткен той-қуанышына ішіп алып, шегіп алып шыққанды қою керек!" екенін айтады.

Әлия Құдайберген: "Сахнаның болмаса да өнердің киесі бар! Ол көрерменді яғни ата-әжеңдей қарияларды сыйламай, оң-солын танымай, мәз болып шапалақ ұрып отырған сәбилерді аямағаның!

Қызара бөртіп, майысып, сүрініп, аса шаттанғаннан айқайға басып, қолды ербеңдетіп олай да бұлай бұлғап "шалықтағаннан" көзді жұмып, ойға шомғандай кейіп танытып "эйфорияға" берілу - осының бәрін отырған көрермен көрмей қалатын көзі соқыр, білмей қалатын сезімнен жұрдай, мақұлық емес!

Бабаңның, атаңның, әкеңнің сатып, атыңа өткізіп берген сахнасы емес, ол сенің!
Мен көрген соң, сезген соң, жиіркенген соң жазамын! Титтей болса да осы жазбам қытығына тиіп, ұяттары оянсын деп.
Бәріне бірдей күйе жақпаймын. Әдепті, тәрбие көрген, өзгеден именіп тұратын көргенділер көп, өнерде жүрген. Жақында сұхбатты қайта бастасам деп жүрмін. Сонда осындай бассыздықтың бәріне жауап алар едім, ерінбей. Тым еркінсіп кеткенсіздер, кейбір әртістер! Дәлду дәуреніңіз де аяқталар, аяқталмаса арты ашылар. Күзе кесе мың күнде емес, бір күнде сынарын есепке алғайсыз.
Тас төбеден жай түскенде ешнәрсеге шамаң келмей, "тырбаңдап" қаласың. Барлығы да сенің "арағың" бетіңе шыға жаздаған түріңе қарап, әніңді тыңдап отырған елдің арқасы екенін ұмытпай, бір сәт тәубеңе келу - әрбірден соң ардың ісі!
Мен, күніне болмаса да күнара талай жарымжан, бағы тайған, тағдыры аямаған, жылаған, басқа түгі жан қайғы боп отырған жандардың көзжасын сүртіп, маңдайынан сипап отырған хабардың продюсерімін. Өмір, уақыт, адамдар соншалықты қадірсіз емес екенін жақсы білемін. Сондықтан шығар, титтей ерсі дүние жүрегімді ауыртып, жүйкеме тиеді. Мұның бәрін былай қойғанда он жыл өнерге қызмет еткен адам ретінде (сұхбат алсам да) қақым бар деп жазып отырмын.
Айып болмасын!
Аттарын атаудың қажеті жоқ, олай жасамаймын мен. Қолымнан келмегеннен емес, арғы жағында қанша нәрсе жатыр. Өзіме қатыстысы: этика.
Кештен, тойдан көргенімді, түйгенімді жаздым. Бір адамға ой салса, сол да олжа".

Бұл жазбаны оқыған желі қолданушылары түйткілді мәселені көтергеніне разы болып, бұл жағдайға тоқтау болу керек екенін айтуда.

Олар: "Иә, сізді қолдаймын, айтқаныңыздың бәрі 100 пайыз рас, ішетіндер мен шегетіндер эстрадамызда қаптап кетті, тіпті сахнаның артында есін білмей ойына келгенін жасайтындары да бар! Сахнаның иесі емес, киесінен қорықса нетті!", "Ияяя. Өте орынды. Халықтың алдына шығу үлкен тазалық пен мәдениетті талап етеді" деген пікірелерін жазып жатыр.

ERNUR.KZ